Қазақстанның 9 өңірінде жер сілкінісі қаупі бар – ТЖМ


Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ел аумағындағы сейсмикалық қауіптер және алдын алу жұмыстары туралы мәлімдеме жасады деп, хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазақстанда 15-20 өңір болса, соның 9-ы жер сілкінісі қаупі төніп тұрған аймақтарға жатады. Сондықтан бұл бағытта алда үлкен жұмыстар атқарылуы қажет. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінде 98 сейсмикалық станция бар, соңғы 5 жылда үздіксіз жаңғырту (модернизация) жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда сейсмостанциялар қорғаныс деңгейімен 70% қамтамасыз етілген. Біздің министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024-2028 жылдарға арналған сейсмология саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды бекітті. Бұл жоспар аясында еліміз аумағындағы сейсмикалық қауіп-қатерлер мен ықтимал жер сілкіністерінен келетін залалды болжауға, мониторинг желісін кеңейтуге, материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар қарастырылған.Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қытай Халық Республикасының компаниялары және ғылыми мекемелері арасында апаттың алдын алу саласында тығыз ынтымақтастық жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қытайлық мамандар төтенше жағдайларды мониторинг жасауға арналған технологияларын таныстырды. Қауіп-қатердің алдын алу және әрекет ету жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында заманауи технологиялар мен әдістер зерттелуде. Бұл — еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Сыртқы елдермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы ғылыми зерттеулер шетелде де жалғасуда», – деді К. Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында
Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Шығыс Қазақстанда 4 баллдық жер сілкінісі болды.
Сара Қамзаева



