Айшықты Астананың айбарлы спорт кешендері

Айшықты Астананың айбарлы спорт кешендері
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана құрылғалы 27 жылда халық саны 300 мыңнан 1,5 млн-ға дейін артып, мегаполисте көптеген спорттық инфрақұрылымдар салынды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі назарларыңызға елордадағы басты спорттық кешендер жайлы шолуды ұсынады.

«Астана-Арена» стадионы

«Астана Арена» 2009 жылы 3 шілдеде ресми түрде ашылып, 30 мыңнан астам жанкүйерді сыйдыра алады. Сондай-ақ спорт кешенінің шатыры ауа райына байланысты ашылып, жабылады. Дәл осы жасыл алаңда Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» футбол клубы тарихи жетістікке қол жеткізді. 2013 жылы «Шахтер» клубы бірінші мәрте дәл осы жерде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алса, «Астана» ұжымы 2015 жылы кәрі құрлықтың басты додасы – Чемпиондар лигасында өнер көрсетті. 2023 жылы ЕУРО-2024 турниріне іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Сан-Марино ойынын рекордтық 30 019 жанкүйер тамашаласа, 2025 жылы Қазақстан чемпионатында да «Астана» - «Қайрат» кездесуіне ел тарихындағы ең көп 26 153 көрермен жиналды. Стадионда 31 шілде күні әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді. 

«Алау» мұз сарайы

«Алау» мұз сарайы 2010 жылы қолданысқа беріліп, 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарында конькимен жүгіру сайысын қабылдады. «Алау» – әлемдік сапа стандарттарына сай салынған, жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған мұз айдыны. Кешенге 8 000 адамды сыяды. Бұл спорт кешенінде конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың өкілдері жаттығады. Ал 2015 жылы дзюдодан әлем чемпионатын қабылдады. 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында бірқатар спорттардан жүлде сарапқа салынды.  

 

«Барыс-Арена» мұз аренасы

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын «Барыс» клубы бастапқыда «Қазақстан» спорт кешенінде өнер көрсететін еді. Бірақ 2011 жылы ҚХЛ мамандары ғимараттың техникалық регламентке сай еместігін анықтады. Нәтижесінде заманауи «Барыс-Арена» мұз аренасы салынып, 2015 жылы 8 тамызда ресми түрде ашылды. 11 мыңнан астам адамды сыйдыра алатын спорт кешенінде «Барыс» хоккей клубынан бөлек, мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің шоуы, 2019 жылы хоккейден әлем чемпионатының А дивизионының ойындары және күрес түрлерінен жаһандық дода өтті. Сонымен қатар ғимаратта 10 жолақтан тұратын, ұзындығы 50 метрлік жүзу бассейні де бар. Бассейн халықаралық жүзу федерациясының (FINA) талабына сай келеді. 2025 жылы сәуір айында бокстан WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да өз атақтарын «Барыс-Арена» мұз аренасында қорғауға шешім қабылдады.

«Сарыарқа» велотрегі

Велошабандоз дулығасына ұқсайтын cпорт нысаны 2011 жылы салынып, VII Қысқы Азия ойындарында мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек сайыстарын өткізді. 10 мыңға дейін жанкүйер сыйатын ғимаратта велотрекшілер жаттығады. «Астана» баскетбол клубы ВТБ Лигасының матчтарын дәл осы жерде қабылдайды. 2024 жылы баскетболдан Азия кубогына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы «Сарыарқа» велотрегінде Үндістанды жеңген еді. Қажет жағдайда қысқы спорт түрлері бойынша чемпионатты өткізе алады. Велотрек тек жарыс ұйымдастыратын спорттық нысан ғана емес. Одан бөлек, тұрғындар жаттығу залы, бассейнді қолдана алады.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы

Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Жекпе-жек" сарайы 2019 жылдың 6 шілдесінде ашылды. Спорт нысанының ашылғанына көп уақыт болмаса да, әлемдік деңгейдегі бірқатар жарыстарды өткізіп үлгерді. Атап айтсақ, футзалдан ұлттық құраманың ойындары, дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі, самбодан әлем чемпионаты, пара дзюдодан тұңғыш рет әлем чемпионаты, Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаттарын қабылдады. Қазіргі сәтте бокстан World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңін өткізіп жатыр. Ресми жарыстардан бөлек, дзюдодан оқу-жаттығу жиыны да тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ғимарат фитнес залы, 25 метрлік бассейн, қонақ үймен қамтылған. 5 000-ға дейін адамды сыяды.

Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешені

Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені – халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндігі бар көпфункционалды спорт ғимараты. 2020 жылдың қарашасында салынған ғимарат Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) ресми сертификаттауынан өтіп, әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдау мәртебесіне ие болған. Нәтижесінде кешен Олимпиада және әлем чемпиондарының қатысуымен World Athletics Indoor Tour Gold Label бәсекесін дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Қыс мезгілінде жабық кешендегі жеңіл атлетика жарыстарынан жүлде сарапқа салынады. Мамыр айында ғана күрес түрлерінен алғаш рет Қазақстан кубогы өтті.

 

«Арғымақ» ат-спорты кешені

2022 жылдың қазан айында халықаралық стандарттарға сай келетін «Арғымақ» ат-спорты кешені ашылды. Кешен Астананың шетінде, қала орталығынан 15-20 минуттық жерде орналасқан.

Кешенде биіктігі 12 метрге дейін жететін жабық манеждік алаң және далада 1232 адамға арналған трибунасы бар алаң жасақталған. Кешен емдеу-оңалту жұмысын (иппотерапия) жүргізуге арналған. Мұнда балалар мен ересектерге атқа мінуді үйретеді, спорттық, спорттық-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырады. «Арғымақ» ат-спорты кешені маусым айында конкурдан Әлем  Кубогының бір кезеңін өткізді.

«Қазанат» ипподромы

Астана қаласының маңындағы «Қазанат» ипподромы 2007 жылы 3 шілдеде қолданысқа берілді. Кешенде көрермендер ұлттық спорт ойындары бойынша ірі жарыстарды тамашалай алады. Тіпті 2017 жылы Астана қаласы алғаш рет осы жерде көкпардан әлем чемпионатын қабылдау мәртебесіне ие болды. Ал 2024 жылы елордамыз V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу құқығын иеленгендіктен, «Қазанат» ипподромы күрделі жөндеуден өтті. Бәйге және көкпар алаңы толықтай жаңартылып, трибунадағы көрермендер орны 2600-ден 10 мыңға дейін көбейтілді. Қазақстандағы теңдессіз ипподром тұрақты түрде республикалық жарыстарды өткізіп тұрады.

Beeline Arena спорт кешені

2009 жылы ашылып, 3 300 жанкүйерді сыйдыра алады. Қазіргі сәтте теннис жарыстарын өткізу құқығына ие. Бірақ өзге спорт түрлерінен де халықаралық бәсекелерді қабылдай алады. Мысалы, 2023 жылы бокстан «Чемпиондар түні» бокс кеші, пара каратэден әлем чемпионаты, үстел теннисінен Азия чемпионаты, белбеу күресінен әлем чемпионаты, бокстан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты сияқты ірі додаларды өткізіп үлгерді. 2022 жылы дәл осы спорт кешенінде теннистен ATP 500 турнирі өтіп, Новак Джокович, Карлос Алькарас, Стефанос Циципас, Даниил Медведев сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсетті.