Астаналық жастар қалай баспаналы бола алады


«Елорда жастары» бағдарламасымен үй алған жастардың қатары артып келеді. Көпке пайдасы мол жоба бойынша жеңілдетілген несие көлемі 20 миллион теңгені құрайды. Осы бағдарламаға қатысушылардың бірі Әнуар Набиев мемлекет бастамасының арқасында қалай баспаналы болғанын айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осыдан 5 жыл бұрын басталған бағдарлама бүгінде жемісін беріп отыр. Астананың отбасылы тұрғыны Әнуар Қорғанбайұлы бағдарламаның талаптары жастарға өте тиімді екенін айтады.
«2019 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін баспана бағдарламасына қатысып, бес жыл бойы мемлекет берген пәтерде тұрдық. Ол уақытта 2 баламыз болды. Ұлым 3-те, қызым 2-де. Бұл уақыт өз үйімізді сатып алуда маңызды рөл атқарды. Себебі біз жалдау мерзімі аяқталғанша, өз үйімізді сатып алуға бастапқы ақша жинап үлгердік», - деді 33 жастағы елорда тұрғыны.
Әнуар Набиев келіншегі екеуі медицина саласында қызмет етеді.
«Бес жыл бойы біз пәтерге айына 7500 теңге төлейтінбіз. Менің ойымша, бұл - өте тиімді бағдарлама. Себебі табысымызды болашақ баспанамыздың алғашқы жарнасына жинауға мүмкіндік болды. Биыл наурыз айында 5 жыл тұрған пәтерді тапсырып, «Елорда жастары» бағдарламасымен Есілдің сол жағалауынан 3 бөлмелі пәтер сатып алдық. Бұл - әсіресе жұмыс істейтін жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан осындай бағдарлама үшін мемлекетке айтар алғысым шексіз», - деп бөлісті Әнуар Қорғанбайұлы.
Еске сала кетейік, бұл бағдарлама жастарға жеңілдікпен несие беруді ұсынады. Несиенің максималды сомасы – 20 миллион теңге, мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыз, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Ал тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.



