Астаналық оқушыларға жаздағы қауіпсіздік ережелері ерекше форматта түсіндірілді

Астаналық оқушыларға жаздағы қауіпсіздік ережелері ерекше форматта түсіндірілді
Фото: Сұлтан Сейітов

Бүгін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында  «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру  дәрісі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында ойын форматында оқушыларға жол қозғалысы ережелері, су айдындарындағы қауіпсіздік, заң және тәртіп, құқықбұзушылықтың алдын алу түсіндірілді.

Мұндағы мақсат - балаларға тұрмыстағы және көшедегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, құқықтық жауапкершілікпен таныстыру және қауіпсіз өмір салтын насихаттау.

«Мектеп жанындағы лагерлерде өтіп жатқан дәрістер балаларға жаз мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салуға бағытталған. Мәселен, біз үйде не көшеде өзінің қауіпсіздігін сақтау, «Қауіпсіз терезе», яғни терезе алдындағы қауіптің алдын алу ережелерін, төтенше жағдайда әрекет ету жолдарын, жол жүру ережелерін  айтып өттік. Сондай-ақ жазғы уақытта болатын жазатайым оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, егер бала белгілі бір жағдайға тап болса (буллинг және т.б.), «111» сенім телефонына жүгіне алады. Бұл туралы ақпарат мектептер мен колледждерде ілінген. Онда психолог, заңгер мамандары жұмыс істейді.   Олар тегін әрі шұғыл қызмет көрсетеді», - деді Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы.

Бүгінгі дәріске педагогтер мен 1-сыныптан 9-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысты.

«18 жасқа дейінгілерге ата-анасыз түнде көшеде жүруге болмайды.

Сағат 22:00-ден кейін көңіл көтеру орталығында, ал 23:00-ден кейін көшеде кәмелетке толмағандардың ата-анасыз жүруіне рұқсат етілмейді.

Егер осы жастағылардан «102» нөміріне жалған қоңырау түсетін болса, заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда ата-анасы жауапкершілікке тартылады, ал балалар құқықбұзушылық жасағаны үшін арнайы есепке қойылады. Сондай-ақ айыппұл салынады.

Қазіргі балалар заңды өте жақсы біледі. Біз де осы бағытта профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Атап айтқанда, аулаларда ата-аналармен сөйлесу, ақпараттық брошюралар тарату», - деді Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы Кәмелетке толмағандар инспекторы Ернұр Мұсабеков.

Айта кетейік, мұндай дәрістер апта сайын өткізіледі.