Астаналық оқушы ерекше құрылғы ойлап тапты


Қазақстанның жас өнертапқышы тағдырдың сынағына ұшырап, сөйлей алмай қалған адамдардың үмітін қайта жақты. Бекжан Бақыттың инновациялық құрылғысы науқастың мойнына тағылған соң, оның бұлшық еттерін сезіп, айтқысы келген сөзін жеткізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
15 жастағы астаналық оқушы Бекжан Бақыт көмей қызметі бұзылған, дауысынан айырылған адамдарға арнап VoiceX жобасын жасап шығарды.
Бекжан Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. Ол республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі стартап жобалармен айналысады. Өнертапқыш болашақта білімін ел игілігіне пайдалануды мақсат еткен.
VoiceX – арнайы мобильді қосымша арқылы басқарылады. Ол үшін мүмкіндігі шектелген адамның сау кезіндегі 10 секундтық дыбыстық жазбасын қосымшаға жүктеу қажет. Кейін оның мойнына құрылғы тағылып, аузын ашып қимылдатқанда, құрылғы сөзді синтездеп, айтып береді.
Бекжанның жобаны қолға алуына досының отбасында болған қиын жағдай әсер еткен.
«Бұл идея менің жүрегіме жақын. Досымның ағасы көмейдің қатерлі ісігіне шалдығып, толықтай дауысынан айырылды. Сол оқиғадан кейін неліктен науқас адамды қайта сөйлетпеске деген ой келді. Ойымды Жания, Айзере мен Ажара атты достарыма айттым. Олар қолдап, біз зерттеуді бастап кеттік», - дейді ол.
Жоба авторының айтуынша, VoiceX-ке ұқсас құрылғылар әлемде бар, бірақ олардың басым бөлігі адамның жеке дауыс ерекшеліктерін қалпына келтіре алмайды әрі қымбат тұрады. Ал VoiceX – Қазақстанда жасалып жатқан алғашқы қолжетімді, толыққанды дауыстық синтезге негізделген құрылғы.
«Сөйлеу қабілетінен айырылған адамдарға өз дауысын қайтарып, олардың өмір сапасын жақсартуды мақсат тұтып келеміз. Олардың қоғам қатарынан алшақтамай, емін-еркін өмір сүргенін қалаймыз», - деді бастаманың әлеуметтік маңызына тоқталып өткен Бекжан.
Қазір ғылыми топта барлығы алты адам бар, бәрі де 10-сыныптың оқушылары. Команда мүшелері әрқайсысына жүктелген міндетті орындайды.
«Құрылғыны өз қолыммен құрастырдым. Көптеген сынақтан өттік. Ықшам әрі мойынға тағуға ыңғайлы ету, қуат көзі мен күшейткішті таңдау, дауысты нақты шығару жүйесін жетілдіру жұмыстары көп еңбекті талап етті. 300 сағаттан астам дауыс жазбасын жинап, әр адамның табиғи дауысына келтіру үшін тер төктік», - дейді жоба жетекшісі.
VoiceX құрылғысының алғашқы түрін сынақтан сәтті өткізгеннен соң ерекше қанаттанған жастар екінші нұсқасын жасауға кірісіп кеткен. Команда құрылғыны шағын сериямен шығарып, дәрігерлер мен реабилитациялық орталықтар арқылы сырқат жандарға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар халықаралық нарыққа шығу жоспары да бар. Қазіргі таңда VoiceX жобасына ақпараттық қолдау көрсетіп отырған «AMANAT» партиясының бұл бағыттағы «Кедергісіз келешек» жобасы да инклюзияны күшейтуге бағытталған. Партиямен ынтымақтастық жобаның әлеуметке жету аясын кеңейтіп, әлеуетті пайдаланушылармен байланысты нығайтуға сеп болды.
Бекжанның айтуынша, VoiceX құрылғысының идеясы мен жұмыс істеу жүйесі, оның ішінде алгоритмдері мен ішкі құрылымы, авторлық құқықпен қорғалған.
Бекжан ғылым мен технологияға ес білгелі әуес болған. Алты жасынан бастап авиациялық инженерияға қызығып, ұшақтардың құрылысын зерттеген. Кейін электроника, робототехника, жасанды интеллект саласына ден қойып, түрлі прототиптер жасаған. Қазір ғылыми мақалалар оқып, халықаралық байқаулар мен стартап жобаларға белсенді қатысып жүр.