Астанадан Бурабайға жаңа туристік пойыз қатынайтын болады
13 желтоқсанда Астанадан еліміздің ең танымал курорттарының бірі – Бурабаймен байланыстыратын жаңа брендтелген пойыз салтанатты түрде іске қосылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа туристік пойыз – Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлескен жобасы.
Пойыз қазақстандық ЗИКСТО зауытында шығарылған вагондардан тұрады. Вагондар заманауи кондиционер жүйесі, лифт және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар, сондай-ақ қоршаған ортаға аз әсер ететін экологиялық таза дәретханамен жабдықталған.
Пойыз «Нұрлы жол», «Астана» станциясы мен Бурабай курорты арасында тоқтаусыз жүретін болады. Жол жүру уақыты 2 сағат 26 минутты құрайды. Билет құны: «Нұрлы жол» станциясынан – 2 770 теңге, «Астана» станциясынан – 2 548 теңге.
«Пойызды іске қосу үшін вагондардың бірегей дизайны жасалды. Сыртқы безендіруге «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументі, «Нұр-Әлем» мұражайы және Щучье-Бурабай курорттық аймағының көркем пейзаждары сияқты Астана мен Бурабайдың көрнекті жерлерінің бейнелері кіреді. Сондай-ақ вагондарда Visit Astana және Visit Aqmola өңірлерінің туристік брендтері орналастырылған. Вагондардың ішкі безендірілуі Астана қаласының мәдени ерекшеліктерін және курорттың табиғи сұлулығын көрсетеді», - делінген хабарламада.
Пойыздың тағы бір ерекшелігі – эксклюзивті аудио тур. Сапар барысында жолаушылар Астана мен Бурабайдың тарихы, мәдениеті мен табиғи байлығы туралы қызықты фактілерді біле алады, бұл сапарды жайлы ғана емес, сонымен қатар танымдық етеді.
Айта кетейік, бұл жоба ішкі туризмді дамытуға бағытталған.