Астанадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді
Бүгін Астанадағы №44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді, деп хабарлады Elorda.info.
Мақсат - келешек ұрпаққа үлгі етер тұлғалардың өмір мен тарихын, ерлік-еңбектерін кеңінен насихаттау.
Мектепте Рақымжан Қошқарбаев атындағы алғашқы әскери патриоттық кабинет те ашылды. Мұнда батырдың өмір тарихы және марапаттарымен танысуға болады. Сондай-ақ келушілер назарына батырдың фотосуреттері қойылған.
Батыр есімін иемденген оқу ордасында бүгінде 1000-нан астам шәкірт білім алады.
Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Келешекте біздің оқушыларымыз Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктерін жалғастыратынына кәміл сенеміз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру, - деді мектеп директоры Ләззат Құлтаева.
«Батырдың ерлігі – ел есінде...» атты мерекелік бағдарламасы аясында бастау алған іс-шарада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған мемориальдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Бүгінгі іс-шараға Қорғаныс министрлігі мен қалалық білім басқармасынан өкілдер сондай-ақ педагогтер мен оқушылар қатысты.