Астанада жылы аялдамаларды қиратқан адам ұсталды
Астаналық полицейлер жылы аялдамаларды сындырған ер адамды анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзу мен бұзақылық әрекеттердің алдын алу жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде.
Тілендиев даңғылы мен оған іргелес жатқан көшелердің бойында 4 жабық үлгідегі аялдамалардың зақымдану фактісі анықталды. Ондағы келтірілген шығын 500 мың теңге шамасында бағаланып отыр.
Кінәлі тұлғаны анықтау үшін тәртіп сақшыларының жедел іздестіру іс-шаралары барысында, сондай-ақ бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен ер адамды анықтады, - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Ол 33 жастағы елорда тұрғыны болып шықты. Аталған азамат бірден полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта орын алған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігімен (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала меншігіндегі мүліктерге мейлінше қамқорлық жасауға шақырады. Сонымен қатар кез келген құқық бұзушылық анықталып, оған қатысты тиісті жауапкершілік қарастырылатынын да ескертеді.