Астанада жағажайлардағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі


Шомылу маусымының басталуымен судағы қайғылы оқиғалар қаупі арта түседі. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында елорданың «Есіл» ауданындағы коммуналдық жағажайда «Заң және тәртіп» бастамасы аясында профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Профилактикалық рейдті «AMANAT» партиясының жастар қанаты – «Жастар Рухы» астаналық мәслихат депутаттарымен, қалалық ТЖД және полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Іс-шараға қоғам белсенділері де қатысты.
Құтқарушылар жағажай демалушыларына су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды екенін түсіндіріп, адам суға батып жатқан жағдайда көмекке қайда жүгіну керектігі жайлы ақпарат жазылған парақшалар таратты.
«Біз тәулік бойы, күн сайын патруль жүргіземіз. Рейдтер ТЖД мен Ұлттық ұланның күшімен күн сайын өткізіледі. Мұнда үнемі кезекшілік ұйымдастырылған. Жиналған халық көп, арасында балалар да бар. Олардың қауіпсіздігі үшін жағажай аумағына бақылау жүргіземіз», – деді қалалық ТЖД өкілі.

Қалада шомылуға рұқсат етілген бес орын бар – коммуналдық жағажай, Орталық саябақтағы қалалық жағажай және үш жеке жағажай.
Осындай рейдтер Ақбұлақ өзені мен Нұра арнасында да өткізіледі.
«Бүгін біз жергілікті атқарушы органдармен, әкімдікпен және ТЖД-мен бірлесіп «Қауіпсіз қала» акциясын өткізіп жатырмыз. Оның аясында жағажайға келушілерімен профилактикалық әңгімелесу жүргізудеміз. Шомылу маусымы басталды, сондықтан су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте маңызды. Қайғылы жағдайларды болдырмауымыз керек. Бұл жұмысты бақылауға алдық және жаз бойы осындай профилактикалық рейдтерді жалғастырамыз», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Астана қалалық төрағасы, мәслихат депутаты Мағзұм Арсланбек.