Астанада жаңа учаскелік полиция пункті ашылды


Бүгін «Сарайшық» ауданында әкімдіктің қолдауымен №69 жаңа учаскелік полиция пункті өз жұмысын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
№69 УПП Шәмші Қалдаяқов көшесі, 23/1 мекенжайында, Bravo Family тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Пункттердің жалпы ауданы – 115,8 шаршы метр. Әр пунктте қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және алдын алу шараларын жүргізу мақсатында 6 қызметкерден жұмыс істейтін болады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қалалық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, «Сарайшық» ауданының әкімі мен мәслихат депутаты қатысты.
Әрбір учаскелік пункт заманауи техникамен, жеке қабылдау бөлмелерімен және азаматтарды қабылдауға арналған кабинеттермен жабдықталған. Қызмет көрсету аумақтарында әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық нысандар мен екі мектеп және өзге де мекемелер орналасқан.
«Жаңа пункттің ашылуы – бұл жай ғана инфрақұрылым емес, бұл әр ауданда полицияның жұмысын күшейту. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында біз халыққа барынша жақын болуға, жедел әрекет етуге және әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға тырысамыз», - деп атап өтті Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Енді тұрғындар өз ауданынан шықпай-ақ учаскелік полиция инспекторларының көмегіне жүгіне алады. Жаңа учаскелік пункттің ашылуы – азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.



