00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Үздік жас отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін, 16:04
elordaaqparat elordaaqparat
Астанада «Үздік жас отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
фото: Василий Крась

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жас отбасы-2024» конкурсы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған байқауға қатысып, сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова Отанның тұтастығын сақтау әр отбасының татулығымен тығыз байланысты екенін атап өтті.  

«Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік те, патриоттық сезім де отбасынан бастау алады. Бүгінгі байқау да қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді. Бұл байқауға қатысушылардың барлығы — түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленгендер. Олар қашан да қоғамның айнасы бола алады деп сенеміз», - деді Назгүл Сейітқожақызы.

Байқауға қатысу үшін 60-тан астам отбасы өтінім берген. Отбасылық жұптарға арналған зияткерлік турнирден іріктеліп шыққан 10 отбасы ақтық кезеңге жолдама алып, «Үздік жас отбасы» шығармашылық байқауында бағын сынады.

Олар алдымен өздерін таныстырып, кейін алғырлығы мен тапқырлығы жағынан сынға түсті. Үшінші кезеңде әр отбасы өнерлерін көрсетіп,таланттарын паш етті.

Байқауға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова, «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, «Үздік жас отбасы-2023» байқауының жеңімпазы Гаухар Сәдуақасова және жастар ұйымдарының жетекшілері қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Көшеновтер отбасы жеңімпаз болып танылып, 700 мың теңгенің сертификаты мен бас жүлдеге ие болды. Ал екінші орын алған Ендібаевтар отбасы 450 мың теңге, үшінші орындағы Сәметовтер отбасы 350 мың теңгені қанжығасына байлады. Өзге қатысушылардың әрқайсысына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен алғыс хат табысталды.

«Осындай жарыс өтетінін әлеуметтік желіден көріп, отағасы екеуіміз қатысып көргіміз келді. Енді міне жарыстың жеңімпазы атанып отырмыз. Өзімізді басқа қатысушылардан артық санамаймыз, бұл жерде отбасының береке-бірлігі, сыйластығы, махаббаты жеңіске жетті деп есептеймін», - деді жарыс жеңімпазы Көшеновтер отбасының мүшесі Құралай Ғайниқызы.

                                                                                                                                     Шапағат ӘБДІР