Астанада үздік медицина қызметкері анықталды
Бүгін Nomad City Hall театрында елордалық денсаулық сақтау саласының 25 жылдық мерейтойы мен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Салтанатты жиын Астанадағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы бейнекөрініспен басталды. Сандық деректерге сәйкес, соңғы 10 жылда елордада туу көрсеткіші 41 пайызға артып, астаналықтардың жалпы саны 2 есеге өсті. Туберкулезден болатын өлім 13,1 пайызға кемісе, қатерлі ісік өлім-жітімі 3 есе төмендеді. Сондай-ақ, жазатайым оқиғалар мен уланудан болатын өлім-жітім 16,7 пайызға азайған. Астанадағы медицина ұйымдарының саны 38-ден 314-ке дейін артты. Соңғы 2 жылда кеш қызмет көрсетілген жедел жәрдем шақыруларының үлесі 8,1 пайыздан 4,1 пайызға дейін төмендеді. Бүгінде елордада материалдық жарақтандыру 95 пайызды құрайды.
Ақ халатты абзал жандардың баға жетпес еңбегін насихаттауды мақсат еткен жиынға қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев қатысып, барша жиналған медицина қызметкерлерін құттықтады.
Бүгін сіздерді өтіп кеткен кәсіби мерекелеріңізбен және қалалық денсаулық сақтау жүйесінің 25 жылдығымен құттықтаймын. 25 жылда елордада денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыды. Туу көрсеткіші өсіп, елордалықтардың өмір сүру ұзақтығы артты. Мұның барлығы ақ халатты абзал жандардың еңбегінің арқасында деп білемін. Сіздер күн сайын адамдардың өмірін сақтап, денсаулығын қалпына келтіруге көмектесіп келе жатырсыздар. Маңызды әрі өлшеусіз еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің ерлігі ең жоғары мақтауға лайық,- деді қала әкімінің орынбасары.
Ізінше Ерлан Бекмурзаев бірқатар қызметкерге қала әкімі мен орынбасарының Алғыс хатын табыстады. Одан кейін ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице - министрі Тимур Сламжанұлы министрлік атынан бірқатар елордалық ақ халатты абзал жандарды төсбелгімен марапаттады.
Марапаттау рәсімінен кейін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Тимур Мұратов елордадағы медицина саласының жетістіктері туралы айтып, бір топ әріптесіне өз атынан Алғыс хат тапсырды.
Биыл денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі елорданың 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Бүгін қос мерекенің басын біріктіріп, қаламыздағы медицина қызметкерлерін марапаттап, мерекелік концерт ұйымдастырып жатырмыз. Астана құрылғаннан бері қаламыздың денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгерді деп айтуға болады. Осыдан 25 жыл бұрын 300 мыңға жуық тұрғын болса, қазір 1 миллион 400-ге жақын. Мұнын бәрі медицинадағы инфраструктураны қажет етеді. Осы аралықта қаламызда көпсалалы ауруханалар, периниталдық орталық, республика деңгейінде 6 ғылыми орталықтар ашылды. Бүгінде олар елордалықтар мен барша қазақстандықтарға қызмет көрсетіп жатыр. Дегенмен бұл инфраструктураның өзі жетпей жатыр. Қазіргі таңда 2 жаңа замануи периниталдық орталық және ересектер мен балалар ауруханасын салу жоспарда бар. Медицина саласында кадр тапшылығы жоқ деп айтуға болмайды. Жоғары білімді әрі білікті мамандар әлі де тапшы. Бұл үшін медицина мамандарын оқытатын білім ордаларымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қызметте жүрген мамандардың білімін арттыру үшін шетелде оқу мүмкіндігі бар,- деді Т. Мұратов.
Жиын барысында 8 номинация бойынша биылғы жылдың ең үздік мединица қызметкерлері мен медицина ұжымдары марапатталды.
Биылғы «Үздік МСАК ұйымы» номинациясы бойынша №2 қалалық емхана жеңімпаз атанды. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кулушеваға «2023 жылдың тиімді менеджері» номинациясы берілді. №3 бригада ұжымы «Үздік жедел медициналық жәрдем бригадасы» жүлдесін жеңіп алды. №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Руслан Хасенов «Үздік хирург» номинациясына ие болды. Ал №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қызметкері Гүлбану Бейсембаева «Үздік фармацевт» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Үздік акушер-гинеколог» номинациясының иегері №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігері Ольга Васьковская болды. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қызметкері Айгуль Садвокасова «Үздік орта медицина қызметкері» номинациясына ие болды. Ал 2023 жылдың «Үздік жалпы практика дәрігері» деп №13 қалалық емхананың дәрігері Жанат Мұратқалиева танылды.