Астанада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр

Астанада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жәрмеңкеде 50 жүккөлікке тиелген 500 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері ұсынылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет өнімдері, 20 тоннадай балық өнімдері, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері,  5 тонна ас тұзы жеткізілді.


Жалпы мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аймақтың аграрлық саласында  бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған.


Ағымдағы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығында 46,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6%-ға артты.

Биылғы жылы облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәндi дақылдар 92,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектар. Үкіметпен бекітілген Жол картасына сәйкес ағымдағы жылы 80,9 мың гектар жерге күріш дақылы егілді.

Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.

Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда мал азықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш дақылдары жиналуда.

Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалынған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда.

Облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 425,4 мың бас МІҚ, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың бас жылқы, 66,0 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Мал басын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МІҚ- 0,5%-ға, жылқы-9,7%-ға,  түйе-1,2%-ға, құс-1,2%-ға артты.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылы облыстан құны 18,8 млн. доллардықұрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңірдің экономикалық даму қарқынын күшейтуге бағытталған.