00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанадағы С.Сейфуллин музейінде 7 мыңнан астам жәдігер бар

Астанадағы С.Сейфуллин музейінде 7 мыңнан астам жәдігер бар
Фото: Оңалхан Өнерхан

15 қазанда ақын, драматург Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады. Астанадағы С.Сейфуллин музейінің 30 жылдан астам тарихы бар. Алғаш  мамандар іріктеп, жан-жаққа жинақтау жұмысын жүйелі ұйымдастырудың арқасында музей қорында біраз заттай-құжаттай жәдігер жинақталып, сақталған.

«Бұл игі істе елеулі еңбегі сіңген алғашқы директоры –  Роза Иманғалиқызы. Көп заттары, құжаттары, қолжазбаларына конфискация жасалғандықтан қор жинау оңайға соқпады. Мұрағаттарда жұмыс жасалды, С.Сейфуллин туыстары, жұбайы көмек берді. Жәдігер жинауда тағы бір тарихи тұлғаның еңбегін атап кеткен жөн. Ол – Өзбекәлі Жәнібеков», - деді музей қызметкері Гүлназия Болат.

Өзбекәлі Жәнібеков ҚР Мәдениет министрі болып тағайындалғаннан кейін С.Сейфуллин музейіне келіп аралайды. Сол кезде музей директоры Роза Иманғалиқызы музеймен таныстырып, жәдігер жинау жұмысы жүріп жатқанын айтады.

«Сөз арасында жәдігерлердің тапшылығын алға тартады. Кезінде Гүлбахрам Сейфуллина Алматыдағы орталық музейге бірнеше зат тапсырған екен. Роза Иманғалиқызы соларды алуға көмек сұрайды. Өзбекәлі Жәнібеков мұқият тыңдап, кейін сол жәдігерді алуға көмектескен. Экспонаттар Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайынан КСРО Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің 13.09.1989 жылы №214 бұйрығымен С.Сейфуллин музейінің қорына тапсырылды», - деді докторант.

Мұнда тұрған әр жәдігердің тарихы бар. Музейде 7 мыңнан астам жәдігер көпшілік назарына ұсынылған. Мәселен, «Маржан алқа» - С.Сейфуллин мұражайының құнды жәдігерінің бірі. Гүлназия Болаттың айтуынша, алқа Гүлбахрам заманына тиесілі. «Маржан алқа» мұражайға 1988 жылдың қаңтар айында Республикалық музыкалық аспаптар музейінен акт арқылы қабылданып алынған. 166 маржан тастардан тұратын ұзындығы 166 см, алты қатар болып тізілген алқа мұражайдың баға жетпес құнды жәдігері. Көнекөз қариялардың естелігі бойынша «Маржан алқа» Гүлбахрам Батырбекқызына тиесілі деп айтылады.

«С.Сейфуллинге тиесілі темір кереует екі никельден және карапас торынан тұрады. Сәкен Сейфуллин 1926 жылы Гүлбарам Батырбекқызына үйленгеннен кейін Ташкент қаласында сатып алған.Мұнда С.Сейфуллиннің саквояжы бар.  Саквояж – жол жүргенде ұстап жүретін  шағын чемодан. Софья Батырбекова саквояжды бүгінгі күнге дейін сақтап келген. Гүлбахрам Сейфуллина болашақта ақынның мұражайы ашылатынына шексіз сенгендіктен өзінің немере сіңілісі Софья Абдулловнаға табыстап, мұражай қорына өткізуді өтінген. Бұл саквояжды С.Сейфуллин 1930 жылдары Москва қаласынан сатып алған. Сол кездің өзінде С.Сейфуллинннің визит картасы болған. Ол орыс және араб тілдерінде жазылған. Ұлы Аяннның түйе жүнінен жасалған көрпесі де музейде сақтаулы. Көрпеде өсімдік түріндегі ою-өрнектері бар», - деді спикер.