Астанада «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылды
Бүгін AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Астана – Бурабай» тасжолының маңы қоқыстан тазартылды, деп хабарлады Elorda.info.
Байқоңыр ауданы әкімдігінің, AMANAT партиясының өкілдерінен, Астана қаласы мәслихаты депутаттарынан, «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері мен қоғам белсенділерінен тұратын 100-ден аса адам Астана қаласының айналма жолы маңынан 200 қапқа жуық қоқыс жинады.
Іс-шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітіледі. Олар сол учаскеде тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу сияқты абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.
Сондай-ақ, AMANAT партиясы Астана қалалық филиалы жанынан қалалық экологиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін 5 мобильді топ құрылды. Әр мобильді топ құрамында Экологиялық кеңес мүшесі, мәслихат депутаты, аудандық партиялық филиалдарының төрағалары, аудандық атқарушы хатшылары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, партияның белсенді мүшелері бар.
Айта кетейік, бұған дейін мобильді топтар жүргізген мониторинг жұмыстарының қорытындысына сәйкес қала ішіндегі және қала маңындағы 20 заңсыз қоқыс орны анықталған болатын.