Астанада тағы 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Бүгін, 16:48
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views49
Астанада тағы 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды
Фото: Samruk-Kazyna Trust қоры

Астана мектептерінде тағы 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Осылайша, олардың жалпы саны 21-ге жетіп, 1 054 ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы қамтуға мүмкіндік берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Инклюзивті кеңістіктерде логопедке, дефектологқа, психологқа арналған арнайы аймақтар, қыш шеберханасы, сондай-ақ емдік дене шынықтыруға арналған жеке кабинет қарастырылған. Мұның бәрі балалардың қажетті дағдыларды дамытып, құрдастарымен бірге мектеп ортасына бейімделуіне көмектеседі. Сыныптар тұжырымдамасы Samruk-Kazyna Trust қоры және инклюзия саласының сарапшыларымен бірлесіп әзірледі.

«Самұрық-Қазына» қоры үшін қоғамда әлеуметтік жобаларды қолдау – басым бағыт. Біз спорт, медицина және инклюзияны жүйелі түрде дамытып келеміз. Тек өткен жылы ғана осы үш бағыттағы бастамаларымыз 700 мыңнан астам адамды қамтыды. Барлық осы бастамалар даму мен білім алуға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов №91 мектептегі кабинетті аралау барысында


Жоба Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры арқылы жүзеге асуда. Кабинеттер Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафоны аясында жиналған қаражат пен қордың бюджеті есебінен жабдықталды.

«Бес жыл бұрын отбасымызбен №91 мектепке келген едік, бүгін дәл осы жерде инклюзияны қолдау кабинеті ашылып отырғаны біз үшін үлкен қуаныш. Белсенді қала тұрғыны ретінде бұл іске өзімнің де көмегім бар деп есептеймін. Себебі мұндай кабинеттердің көбісі Samruk Charity Marathon марафонының арқасында ашылып жатыр. Мен бұл марафонға екі жыл қатарынан қатыстым және өз үлесімнің осындай маңызды іске қосылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады», - деді елордалық тұрғын Сара Бакирова.

Бүгінде инклюзияны қолдау кабинеттері Астанадағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың шамамен 40 пайызын инклюзивті біліммен қамтып отыр.