Астанада ТүркПА Бас хатшысы сайланды

12 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада ТүркПА Бас хатшысы сайланды
фото: azerbaycan24.com

Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында ТүркПА Бас хатшысы болып Рамиль Гасан сайланды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«ТүркПА бас хатшылығының регламенті бойынша бас хатшы лауазымына кандидатураны Әзербайжан тарапы ұсыну керек. Ассамблея кеңесінің отырысында Әзербайжан тарапы осы лауазымға ұсынған Рамиль Гасан мырзаның кандидатурасы мақұлданды», - деді пленарлық отырыс модераторы, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Дауыс беру қорытындысы бойынша аталған кандидатура бірауыздан қолдау тапты.

Рамиль Гасан бұл қызметке 2025 жылдың 15 қазанынан бастап кіріспек.

Сондай-ақ, ТүркПА Бас хатшысының орынбасары болып Мұхаммед Алпер Хаяли сайланды. ТүркПА комиссияларының бірнеше төраға орынбасары да сайланды. Олар: Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары - Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Гунай Афандиева, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары – Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Шолпон Сұлтанбекова.

Айта кетейік, бүгінгі пленарлық отырыс қорытындысы бойынша ТҮРКПА-ға төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтіп, Астана декларациясы қабылданады.