Астанада су тасқыны қаупі жоғары 18 учаске анықталды

13 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада су тасқыны қаупі жоғары 18 учаске анықталды
Фото: instagram.com/tzeinulkabden

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өткен жылы елордада төтенше жағдайлар қызметі, атқарушы органдар мен коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында қардың күрт еруінен туындайтын су тасқынының алдын алу мүмкін болды.

Кезекті көшпелі кеңес барысында алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі талқыланды. Жұмыс тобы ЛРТ көпірінің астымен өтетін Есіл өзені арнасын, қар полигондарын аралап, талқылаудың қорытындысын қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде шығарды.

«Қазіргі таңда қала аумағында су тасқыны қаупі жоғары 18 учаске анықталды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда, оны жою жоспарына сәйкес, азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы саны 581 адамды және 500-ден астам арнайы техниканы құрайды. ЛРТ көпірі маңындағы Есіл өзенінің арнасы инертті материалдармен бітелген, сол себепті су тасқынына дейін бұл учаскеде арнаны ашу жұмыстары жүргізілуі қажет», - деді Табиғат Зейнұлқабден.

Сондай-ақ қар тәулік бойы шығарылатын үш полигонның біріне барып, еріген қар суын бұруға арналған арнаны қазу қажеттігі айтылды.