Астанада су тапшылығы қалай шешіледі?
Осы мәселе соңғы кездері астаналықтарды алаңдатып отыр. Алаңдамай қайтсін, су тапшылығынан тарыққан Есіл, Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр ауданының кейбір тұрғындары жуынатын, кір жуатын сумен қатар қанып ішетін қара суға зар болды. Көп қабатты үйлерде су күндіз сыздықтап ағып, кешке тоқтайды. Сенбі, жексенбі күндері жұрт су құятын құтыларын көтеріп, құдықтарға қарай ағылады. «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының суды кесте бойынша төмен қысыммен беріп отырғанына 2 айға жуықтады. Кәсіпорын басшылығы суды үнемдеп беру жазда №3 су сорғыш-сүзгіш станция іске қосылғанға дейін жалғасатынын хабарлады. Десек те елордадағы су тапшылығы бір станцияны салумен толық шешілмейтіні анық. Себебі, халық саны тез өсіп, жаңа құрылыстар бой көтерген сайын, суға деген сұраныс та артуда. Тапшылық қалай пайда болды және оны шешудің қандай жолдары бар? Осы өзекті мәселеге жан-жақты үңіліп, талдау жасап көрдік.
Тапшылық қалай пайда болды?
Биыл 25 жылдығын атап өтетін Астанада су тапшылығына әкеліп соқтырған бірнеше фактор бар. Соның ішіндегі негізгі екеуі – халық санының тез өсуі мен қала құрылысының қарқын алуы. Елорданың алғашқы бас жоспары жасалғанда 2023 жылы халық саны 800-900 мың адам болады деп есептелген. 2010 жылы қала әкімшілігі 20 жылдан кейін, яғни, 2030 жылы астаналықтардың саны 1 млн. 200 мың адамға жетеді деп болжағанымен, ол көрсеткішке 2020 жылы жеттік. Қазір қала халқының саны іс жүзінде 1 млн. 500 мың адамды құрайды. Енді 7 жылдан кейін бас қалада 2-2,5 млн. адам тұруы мүмкін. Бұл бағытта Астана өзге өңірлермен салыстырғанда көш басында тұр. Бұған дәлел, 2022 жылдың 11 айында елорда тұрғындарының саны 4,21 пайызға өсіпті.
Халықтың табиғи өсімі мен жағымды көші-қонның әсерінен елордада жыл сайынғы суды алу мен тұтыну көлемі жылдам өсуде. Мысалы, 2007 жылы су алу көлемі 43,5 млн. текше метр болса, 2012 жылы – 60 млн. текше метр, 2020 жылы – 105 млн. текше метр, 2021 жылы – 110, 2 млн. текше метр, 2023 жылы – 122 млн. текше метрге ұлғайды. Мамандардың болжауы бойынша, 2030 жылы бұл көрсеткіш 180 млн. текше метрге дейін жетеді. Қаланы сумен жабдықтаудың негізгі көзі болып табылатын «Астана» су қоймасынан «Астана су арнасы» кәсіпорыны жыл сайын шамамен 110 млн. текше метр су алады. Ал қалған 22 млн. текше метр су тапшы деген сөз.
Су тапшылығына әкеліп отырған негізгі фактор – құрылыстың қарқыны мен Есілдің екі жағалауында да тығыздап көпқабатты үйлер салу. Ресми статистика бойынша, соңғы үш жылда бас қалада 8,5 млн. шарш метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Осылайша, 5 жылдық жоспар 3 жылда орындалды. Салынған үйлерді жылумен, сумен, электр қуатымен жабдықтау қиынға соғып, қала әкімшілігі 2022 жылы құрылыс көлемін 2 млн. шаршы метрге дейін азайтты. Соған қарамастан, өткен жылы Астана баспананы іске қосудың көрсеткішін асыра орындады. Бұл жердегі назар аударатын мәселе – BI Group, Базис-А сияқты алпауыт құрылыс компаниялары Есілдің екі жағалауынан да аспанмен тірескен көпқабатты үйлерді жыпырлатып салып жатыр. Су саласындағы мамандар қаладағы 16 шағын аудан осындай бейберекет салынған тұрғын үйлерден зардап шегіп отырғанын айтып, дабыл қағуда.
Қаланың бас жоспарында жазылған суды пайдалану және өткізу мөлшері қағаз жүзінде қалып отыр. Жуырда сенатор Бибігүл Жексенбай осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысы Ә. Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында салынып жатқан көпқабатты үйлердің бәріне тексеріс жүргізіп, қандай мөлшерде су жұмсалып жатқанын есептеу керектігін айтты. Депутат ескі үйлердің арасына тығыздап үйлер салу үрдіске айналып, соның кесірінен қалыптасқан су жеткізу жүйесін өзгертіп қана қоймай, апатты жағдайлар туғызуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Тапшылық қалай шешіледі?
Қала әкімдігі мен Үкімет бұл мәселені үнемі назарда ұстап, оны шешудің бірнеше нұсқаларын қарастыруда. Ең алдымен, биыл пайдалануға берілетін №3 су сорғыш-сүзгіш станцияға үміт артуда.
1.Үшінші станция күзде іске қосылады
Жақында БАҚ-қа берген сұхбатында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биыл жаздың аяғында №3 су сорғыш-сүзгіш станция іске қосылғанда суды төмен қысыммен беру мәселесі шешілетінін мәлімдеді. Сәуірде сенатор Бибігүл Жексенбаймен, қалалық мәслихат депутаттарымен бірге станциядағы құрылыс жұмыстарын көзімізбен көріп, мердігерлердің ақпаратын құлақпен естідік. Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Жаңа станциядан Тұран даңғылына дейін су жүретін 21 шақырымдық тұрбаның 8,5 шақырымын салып бітіріпті.
«Қалған 12 шақырымын күзде аяқтаймыз. Мамыр айының соңына дейін Ш. Қалдаяқов көшесіндегі учаскені салып бітіреміз. Су сол учаскеден магистральдық желілерге қосылады. Бұдан бөлек, станциядан Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный, Учхоз елді мекендеріне су беріледі» деп түсіндірді Бас мердігер «ҚазҚұрылысСервис» ҰТКҚК» АҚ-ның өкілі. Ол әкімшілік-тұрмыстық кешен (химия-биологиялық зертхана, су сүзетін блоктар, резервуарлар және т.б) ғимараты салынып бітіп, тұрбалар тартылған соң іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Су сорғыш-сүзгіш станция тәулігіне 105 мың текше метр (қазіргі тапшылық тәулігіне 30 мың текше метр – Т.Т.) су шығарады. 2021 жылы қазанда құрылысы басталған нысанға сараптама бойынша 59,44 млрд. теңге қажет. Соның ішінде 2022 жылы 30,9 млрд-ы бөлініп, игерілген. 2023 жылға 12,6 млрд. теңге бөлінген. Бұл ақша қоршайтын конструкциялар (шатыр, терезе, есіктер) тұрғызу, магистральдық су құбырының 16,9 шақырымын салуға жұмсалады. Жобаға республикалық бюджеттен қосымша 14,7 млрд. теңге бөлу туралы ұсыныс қолдау тауыпты. Бұл қаражат технологиялық жабдықтарды, дренаж жүйесін, ғимараттағы ішік инженерлік желілерді, байланыс және күзет жүйесін жөндеуге, ішкі құрылыс жұмыстарын жүргізуге, аумақты көгалдандыруға жұмсалады. Биыл қыркүйек-қазан айларында станцияның құрылысы толық аяқталып, бар қуатымен іске қосылады. Мамандар бұл станция алдағы 5 жылға дейін елордада су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді дейді. Одан әрі халық саны өсіп, жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алмайды.
Бұған қоса, жергілікті әкімдік «1-ші су соратын станциядан №3 су сорғыш-сүзгіш станцияға су жіберетін құбырды жөндеу» жобасын іске асыруда. Жалпы құны 49,2 млрд. теңгені құрайтын құрылысты «АП-Импэкс» ЖШС жүргізіп жатыр. Биыл осы жобаға 1,0 млрд. теңге бөлінген. Осы жобаның шеңберінде Астана су қоймасында 1-ші су сорып-көтеретін станциядан Железнодорожный тұрғын алабына дейінгі аралықта ұзындығы 87,8 шақырым жерге диаметрі 1200 мм екі суағар желісі салынады. Үшінші станцияны сумен қамтамасыз ету үшін мамыр айында осы су құбырының 1-ші желісінің (43,9 шақырымы) құрылысы аяқталады. 2-ші желісі 2024 жылы салынып бітеді. Бұл жердегі бір алаңдататын жайт, Вячеслав су қоймасындағы (станцияға су содан ағып келеді) су мөлшерінің жеткіліксіздігі.
2. Астана су қоймасын жөндеу және сумен толтыру
Астананы ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етудің баламасыз көзі – Астана су қоймасы. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы 17 мамырдағы ахуал бойынша су қоймасында 338 млн. текше метр су жиналған. Бұл жобалық көлемнің 82 пайызы. Алайда, 55 жыл бойы жұмыс істеп тұрған су қоймасына әлі күнге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Құзырлы комитет бұл істі енді қолға алып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Бұдан бөлек, Астана су қоймасын Есіл өзені арқылы 6 шағын биік су қоймасынан су беру жолымен толтыру нұсқасы да қарастырылуда. Ол үшін Батпақкөл, Бірсуат, Есіл, Анаркөл, Кенетай, Тоқсумақ су қоймаларын жөндеу қажет.
Су ресурстары комитеті біздің су тапшылығы туралы сауалымызға былай жауап берді: «Астана су қоймасын сумен толтыруға қажетті жалғыз су көзі бар, ол – Қ. Сәтпаев атындағы каналдан Есіл өзенінің арнасына тазарту және түбін тереңдету жолымен су жіберу. «Астана су арнасы» кәсіпорыны су соратын станциясының алаңына дейін тірек қоршау құрылысы мен құбырын салу жоспарланған. Биыл 1-тоқсанда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған соң, жобаның 1-кезегін іске асыруға қаржы бөлу мәселесі қаралады».
Сарапшылар не дейді?
Осы тақырыпты талдау барысында біз бірнеше тараптың ой-пікірін, ұсыныс-тілегін ашық жариялауды жөн көрдік. Сонымен, сарапшылар не дейді?
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
Үш жыл бұрын, әкімдік өте дұрыс шешім қабылдады. Себебі, үш жыл ішінде Астана халқының саны 200 мың адамға көбейді. Биыл №3 су сорғыш-сүзгіш станцияны іске қосып, су тапшылығы мәселесін шешеміз. Биыл төртінші станцияны жобалауды бастаймыз. Бұған қоса, Үкімет елорданы сумен жабдықтаудың бірнеше нұсқаларын қарастырып жатыр. Соның ішінде ең біріншісі және қарапайым нұсқасы – Сабынды жер асты кенішінен су тарту. Бұл жобаны 1,5 жылда іске асырып, тәулігіне шамамен 40-50 мың текше метр су алып, Есілдің сол жағалауын сумен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде, оң жағалаудағы су жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Жаздың соңында 3- станцияны іске қоссақ, су қысымына қатысты тапшылық мәселесі жойылады. Одан бөлек, болжамымыз бойынша 80-85 мың текше метр су артылып қалады, ол алдағы 3-4 жылда тапшылықты сезінбеуімізге, жоспардағы барлық жобаларымызды жүзеге асыруға жетеді.
Бибігүл Жексенбай, Сенат депутаты:
Дүниежүзілік зерттеулердегі болжамдарға сүйенсек, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Қазақстан негізінен Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келетін суды пайдаланады. Ал 4 млн-нан астам қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ететін Ертістің суы көптеген кәсіпорындардың салынуынан, заңды тұлғалардың, шаруа қожалықтарының, кооперативтердің суды көп көлемде пайдалануынан, үнемдемеуінен және экологиялық жағдайларға байланысты азаюда. Соның салдарынан Астана қаласына келетін Ертіс-Қарағанды каналының су мөлшері де келешекте айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сол себептен, Ертістің суын Қаныш Сәтпаев каналы арқылы елордаға бұру бойынша жобадан басқа да баламалы бағыттарды да қарастыру қажет.
Нұрлан Алдамжаров, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы:
Қазіргі таңда, Астанада су мәселесі бойынша қауіп жоқ. Су қоры тұрақты, тұрғындар сапалы сумен қамтамасыз етілуде. Алайда, қаланы ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз ету - негізгі күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазіргі уақытта Комитет сумен қамтамасыз етудің мынадай бірнеше нұсқасын қарастыруда: Астана су қоймасын реконструкциялау, Қ. Сәтпаев атындағы каналдан Астана су қоймасын сумен қамтамасыз етуді ұлғайту жөніндегі жоба, Астана су қоймасының түбіндегі шөгінділерді тазартуға және арнайы техниканы сатып алуға қатысты жоба, Есіл өзені арқылы 6 шағын биік су қоймасынан су бұру жолымен толтыру және т.б. Бұдан бөлек үш нұсқа жөнінде мәлімет келтірейін. Біріншісі – Төтенше жағдайлар кезінде Астана қаласын сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде елорда маңында орналасқан жерасты суларының кен орнын пайдалану. Төтенше жағдайлар кезінде Астана қаласын сумен жабдықтаудың резервтік картасы жасалған. Бұған дейін жер асты суларының 4 кен орны қарастырылған: Нұра – тәулігіне қуаттылығы 48 мың текше метр, Рождественское – тәулігіне 41,5 мың текше метр, Ақмола – тәулігіне 20,6 мың текше метр және Атбасар - 47,6 мың текше метр жер асты қоры бар. Төтенше жағдайлар кезінде елорданы сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде жер асты суларын пайдалану үшін қаладан 67 шақырым қашықтықта орналасқан Нұра кен орнынан су құбырының құрылысын іске асыру ұсынылып, 2019 жылы техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Қазір қала әкімдігі оған түзетулер енгізіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Екіншісі - қала әкімдігімен бірлесіп Қ. Сатпаев атындағы каналдан №4 су сорғыш-сүзгіш станцияға дейін су құбырын салу жобасы талқылануда. Алдағы 10 жылда елорданың су тұтынуын тәулігіне 700 мың текше метрге дейін өсетінін ескерсек, Астана су қоймасы қажетті су көлемімен қамтамасыз етпейтіні анық. Осы мәселені шешу мақсатында арнадан ұзындығы 200 шақырым болатын диаметрі 1400 мм жеке су құбырын салу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде Қ. Сәтпаев арнасы толық қуатының 30 пайызына ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, су қоры бар. Бұл бассейнаралық арна Ертістен алған суын Нұраға құяды. Үшіншісі – Астанадан 300 шақырым жерде Бұзылық су қоймасын салу жобасы. Көлемі 800 млн. текше метрді құрайтын қойма келешекте орталықтағы өңірлерге су тартуға мүмкіндік береді. Жобалық-сметалық құжаттамасы жылдың соңында дайын болады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша құрылыстың құны - 43 млрд. теңге, іске асыру кезеңі – 2024-2027 жылдар.
Әсет Қалиев, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Су қауіпсіздігі орталығының директоры:
Қаладағы әр ауданның су, жылу құбыры, канализациялық жүйесі бар. Көпқабатты үйлерді тығыздап салу нәтижесінде осы жүйелердің өткізу мүмкіндігі бұзылып, нормадан артық жүктемемен істеп тұр. Бұған су құбыры желісіндегі жиілеген апаттар, үйлердің жоғары қабатына судың бармауы, канализациялық құдықтардың ағын суларға толып қалуы дәлел. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, балабақша, мектеп, емдеу-сауықтыру нысандары нормативтік жүктемеден бірнеше есеге жоғары қуатпен жұмыс істеуде. Яғни, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым күшейтілген тәртіпке келтірілген. Ал су желісіндегі ысыраптың мөлшері 30 пайызға жетті. Демек қала осы инфрақұрылымға зиян келтіру есебінен дамыды деген сөз, өйткені үнемі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу басты назарда болды және қазір де солай. Сондай-ақ, қазір елордаға қажетті жылу-электр орталығы, су сорғыш-сүзгіш станция, газ бөлу желілері, әлеуметтік нысандар салудың орнына экономикалық жағынан ешқандай тиімділігі мен қайтарымы жоқ EXPO қалашығы, LRT және т.б. алып құрылыстар пайда болды. Мемлекет соларды ұстап тұруға жыл сайын миллиондар мен триллиондар жұмсауда. Қалқайып қаншама қажетсіз ғимарат тұр. Ал балабақшаларда балаларға орын жоқ, халық ішетін суға зарығып отыр. Үкімет елордадағы су тапшылығын болдырмау үшін жер үсті және жер асты су көздерін пайдаланудың жолдарын қарастыруда. Су соратын станциялар мен су қоймаларын жобалау мен салуға жедел қаражат бөлуді шешуіміз керек. Өз басым Қ. Сәтпаев каналы арқылы су тартуды жақтаймын. Өйткені, Ертіс ең суы мол өзен. Ертістің су алабында өнеркәсіп кешендері, су қоймалары көп. Еліміздің шығысы мен орталығының су қауіпсіздігі мәселесінде қателік жібермеуіміз үшін Ертістің әлеуетін сақтауға тиіспіз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ