Астанада «Ұстазыңды құттықта» челленджі басталды

Елордалық білім беру ұйымдарында 29 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың еңбегін бағалап, әлеуметтік желілерде жылы лебіз білдіруге арналған челлендж басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Олар – балабақшадан бастап колледжге дейінгі деңгейде жас ұрпақтың білімін жетілдіріп, тәрбиесіне бағыт-бағдар беріп жүрген білім саласының негізгі тірегі.
Ұстаздар қауымының еңбегін бағалау, қоғамдағы орнын арттыру және мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында елордада кең көлемде #ұстазыңдықұттықта атты челлендж бастау алды.
Бұл игі бастама Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Алғашқылардың бірі болып астаналық мектептер мен колледждер, балабақшалардың білім алушылары өздерінің ұстаздарына деген алғыс пен жылы лебіздерін әлеуметтік желілерде жариялап, челленджге белсене қатысуда.
Челлендждің мақсаты ұстаздың қоғамдағы беделін арттыру,мұғалім мамандығын насихаттау, әр адамның өмірінде ұстаздың алатын ерекше орнын көрсету.
#ҰСТАЗЫҢДЫҚҰТТЫҚТА челленджі 5 қазанға дейін болады. Осы аралықта кез келген қала тұрғыны өзінің алғашқы әріп танытқан, өмірлік жолына бағыт берген ұстазына арнап жүрекжарды тілегін айтып, фото немесе бейнежазбасын әлеуметтік желіде #ұстазыңдықұттықта хэштегімен жариялай алады.