Астанада Шанаққала жеңісінің 109 жылдығына арналған фотокөрме ашылды
Қазақстан Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында Түркия Қарулы күштерінің мұрағатында сақталған жәдігерлердің көшірмелерінен тұратын фотосурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара Қазақстандағы Түркия елшілігінің және Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қолдауымен өтті. Оған ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Парламент Мәжілісінің депутаттары, тарихшылар, саясаттанушылар мен журналистер қатысты.
Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі «Амангелді Иманов» маршын орындап, салтанатты шараға сән берді.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Шанаққала шайқасындағы Жеңіс түрік халқын біріктіріп, олардың бойына болашаққа деген сенім ұялатқанын атап өтті.
109 жыл бұрын Түркия өз тарихындағы ең ауқымды әрі қанды шайқастардың бірінде тарихи жеңіске жетті. Одақтастардың әскерін Дарданелді қолжетімсіз деп тануға мәжбүр еткен ұлы қолбасшы, дәуірдің көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің рөлін атап өткім келеді. Бүгінгі фотокөрме – түрік жауынгерлерінің жеңілмейтін рухын, ерлігі мен қаһармандығын бейнелейтін көрнекі тарихи құрал. Бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени-тарихи байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді әділет полковнигі Т. Басқожаев.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайға көрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
18 наурыз түрік халқы үшін Жеңіс күні ғана емес, осы шайқаста қаза болғандарды еске алу күні. Бұл оқиға ұлттық рухтың, ерлік пен Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің символына айналды, – деп атап өтті елші.
Ол сондай-ақ түрік халқының жеңісі Балқаннан Африкаға, Еуропадан Азияға дейінгі аралықта құлдықта болған жүз миллион халыққа ортақ болғанын атап өтті.
Бұл соғысты бүкіл әлем бақылап отырды. Барлығы түріктер Антанта елдерін жеңе алмайды деп ойлады. Бірақ түрік жауынгерлерінің рухы мызғымас еді. Бұл түрік халқының тарихында ғана емес, әлемдік тарихта да «алтын әріптермен» жазылған жеңіс, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев пен Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу салтанатты жағдайда лента қиып, іс-шара қонақтарын көрмені көруге шақырды.
Қырыққа жуық тарихи фотосуреттер қойылған көрмемен елордадағы Республика даңғылы, 2 мекенжайында орналасқан Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында танысуға болады.