Астанада «Шабыт» XXVIII Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді
 
                            Астана қаласында 18-22 қараша күндері «Шабыт» XXVIII Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл – Қазақстандағы ең ірі мәдени іс-шаралардың бірі болып саналатын, әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жас әртістердің, суретшілер мен ақындардың басын қосатын беделді фестиваль.
«Шабыт» фестивалінің мақсаты – дарынды жастарды қолдау және дамыту, кәсіби шеберлікті арттыру, ұлттық және әлемдік мәдениетті насихаттау, сондай-ақ халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты нығайту.
Қатысу шарттары:
Фестивальге 18 бен 35 жас аралығындағы шығармашыл жастар қатыса алады: өнер бағытындағы оқу орындарының студенттері мен түлектері, филармониялар, театрлар мен концерттік ұйымдардың кәсіби орындаушылары. Әр қатысушы тек бір номинация бойынша өтінім бере алады.
Өтінімдер 2025 жылы 5 қараша күні сағат 18:00-ге дейін (Астана уақытымен) қабылданады.
Номинациялар:
1. Камералық хор. Хор дирижері
2. Академиялық ән айту және концертмейстерлік шеберлік
3. Камералық музыка (скрипка, альт, виолончель, контрабас, фортепиано)
4. Фольклорлық ансамбль (2-5 қатысушы)
5. Эстрадалық вокал (дуэт, трио)
6. Бейнелеу өнері (кескіндеме, графика)
7. Поэзия (үздік әдеби шығарма)
8. Креативті бағыт
Сыйақы қоры:
Гран-при – 3 000 000 теңге
I орын – 1 000 000 теңге
II орын – 750 000 теңге
III орын – 500 000 теңге
«Шабыт» фестивалі – жаңа есімдердің бастау алаңы, шабыт пен шығармашылықтың қайнар көзі, Қазақстан мен әлем жастарының бірлігін білдіретін мәдени бренд.
Ұйымдастырушылар:
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі;
Астана қаласы әкімдігі;
«Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы» ШЖҚ ГККП;
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті (ҚазҰӨУ).
Толық ақпаратты shabyt2025.kz ресми сайтынан білуге болады.
 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 Нұрдәулет Кәкіш
                                    Нұрдәулет Кәкіш
                                
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                