Астанада үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

9 шілде, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Фото: Polisia.kz

Елордада үш жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елордада «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру аясында және қалалық әкімдіктің қолдауымен №7, №51 және №90 үш жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады. №51  учаскеліп полиция пункті Нұра ауданында, Шафика Чокин көшесі, 6-үйде орналасқан. Полиция пункті шамамен 70 мың адамға қызмет көрсетеді. Пункттің ауданы — 78,2 шаршы метр.

№90 учаскеліп полиция пункті Сарыарқа ауданында, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 12-үйде, «Мирный дом» тұрғын үй кешенінде ашылды. Бұл пункт 31 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді, жалпы ауданы — 118 шаршы метр.

№7 учаскеліп полиция пункті Алматы ауданында, Мұқан Төлебаев көшесі, 5-үйде «Арыстан» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Аталған пункт 41 мыңнан астам адам тұратын аумаққа қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы — 197 шаршы метр. Мұнда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына, отбасылық-тұрмыстық қатынастар мәселелері жөніндегі инспекторларға арналған бөлек кабинеттермен қатар, конференц-зал да қарастырылған.

Енді осы аудандардың тұрғындары учаскелік полиция инспекторларына өз шағын ауданынан шықпай-ақ тікелей жүгіне алатын болады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға маңызды ықпал етеді. Әр пункт заманауи техникамен жабдықталған: бейнебақылау жүйелері, компьютерлер, учаскелік инспекторлардың жұмысы мен азаматтарды қабылдауға арналған ыңғайлы кабинеттер бар. Полиция мен тұрғындар арасындағы тиімді әрі ашық өзара қарым-қатынас үшін барлық жағдай жасалған. Салтанатты ашылу рәсіміне Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов және аудан әкімдері қатысты.



«Жаңа учаскелік полиция пункттерінің ашылуы – полицияның сервистік моделін енгізу жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бұл арқылы біз әрбір тұрғынға жақын болып, елордада қауіпсіз орта қалыптастыруды, сондай-ақ халықтың полицияға жүгінуін жеңіл әрі қолайлы етуді көздейміз. «Заң мен Тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, біз тек жедел әрекет ету шараларын күшейтіп қана қоймай, ең бастысы – қоғам мен полиция арасындағы өзара сенім мен әріптестікті нығайтуға баса мән беріп отырмыз», - деді полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.