Астанада Шәріп Омаровқа арналған мемориалдық тақта ашылды
Астанада көрнекті қоғам қайраткері, саясаткер, дипломат, музыкант, «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Шәріп Омаровқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
Шәріп Омаров еліміздің тарихи тәуелсіздігіне жету жолында мызғымас табандылық танытып, әрқашан өз елінің мүддесіне қызмет еткен көрнекті азамат болды. Оның еңбектері әрқайсымызға белгілі, ол еліміздің тарихында өшпес із қалдырған аңызға айналған топтың негізін қалаушылардың бірі, - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Іс-шараға Шәріп Омаровтың жұбайы, ҚР Халық әртісі Гаухар Мырзабекова қатысты. Ерлі-зайыптылар елордадағы отбасылық өмірін Әуезов көшесінде орналасқан 22 үйде бастаған.
Шәріп Омаров бас қалада Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі комитетті басқарды, ал 2004 жылдың соңында Қазақстанның Чехиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалып, Чехия еліндегі алғашқы қазақстандық елші болды.
Айта кетейік, Шәріп Омаров тірі болғанда 10 қыркүйек күні 75 жасқа толар еді.