Астанада «Рухты ұрпақ – ел тірегі» атты әкелер форумы өтті
Қазіргі таңда, қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік өзгерістер мен жаһандану үдерістері отбасы құндылықтарына, әсіресе әкелердің бала тәрбиесіндегі рөліне ерекше назар аударуды қажет етеді. Осыған орай, №81 «Astana English School» халықаралық мектебінде «Рухты ұрпақ – ел тірегі» атты әкелер форумы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Форумның басты мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіндегі маңызын насихаттап, ұлтжанды, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу мәселелерін тереңінен талқылау, сондай-ақ әкелер мен мектептің біртұтас тәрбие жүйесінде тығыз ынтымақтастығын нығайту.
Форум барысында қатысушылар тек теориялық біліммен ғана шектелмей, іс жүзінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Республикалық Әкелер одағы Астана қаласы филиалының төрағасы Б.Күзембай, отбасылық психолог, «Otbasy. Academy» негізін қалаушы Е.Мырзабаев, кәсіпкер әрі Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Ботагоз Ахтаева, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері және «Зерде» мектеп-лицейінің ұстазы М.Шотбаев, ICF коучі және мектебіміздің әкелер кеңесінің төрағасы М.Көшкінбаев өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Олар бүгінгі қоғамдағы отбасы институты, әкенің бала тәрбиесіндегі маңызды рөлі, сондай-ақ, қазіргі заманғы технологиялар дәуірінде әке болудың қиындығы жайлы өзекті мәселелерді қозғады.
Спикерлердің көтерген тақырыптары өте маңызды мәселелерге арналды:
«Әке – махаббатының маңыздылығы» тақырыбы аясында баланың психологиялық және эмоционалдық дамуына әкенің махаббаты мен қолдауының қалай әсер ететіндігі тереңінен талқыланды.
«Әлеуметтік желі мен интернет дәуірінде әке болу: шекаралар мен қауіпсіздік» тақырыбында бүгінгі таңда балалардың интернеттегі белсенділігі мен ақпараттың қауіптері сөз болды. Әкелерге цифрлық қауіпсіздік пен балаларды интернеттің зиянды әсерінен қорғау жолдары түсіндірілді.
«Бақытты отбасының сырлары» тақырыбы отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайтып, бала тәрбиесінде біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру жолдарын көрсетті.
«Әке болуға бала кезден дайындау» атты тақырыпта әке рөлінің ұрпақтан-ұрпаққа берілуінің маңызды екені, болашақ әкелерді бала кезден отбасылық құндылықтарға баулудың қажет екендігі айтылды.
Форум аясында ұйымдастырылған практикалық секциялар, соның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі», «Роботты техника», «Мобилография қырлары», «Сингапурлық математика» секілді іс-шаралар әкелерге балаларымен бірлесіп уақыт өткізудің және олардың қызығушылықтарын қолдаудың маңызын көрсетті. Бұл секциялар әкелерге балаларының танымдық қабілеттерін дамытудың жаңа жолдарын үйретіп, олардың мейірімді қарым-қатынас орнатуына септігін тигізді. Сонымен қатар, әкелер мен балалар арасындағы тығыз байланысты нығайтып, болашақта ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілікті бөлісуге көмектеседі.
Қорыта айтқанда, «Рухты ұрпақ – ел тірегі» атты әкелер форумы қоғамымыздағы ең маңызды мәселелерді көтеріп, олардың шешімдерін ұсынды. Әкелердің мектеп өміріне белсенді қатысуы балалардың болашағына оң әсер етіп қана қоймай, жалпы қоғамның рухани-мәдени дамуына да ықпал етеді. Осы форумнан алған әсерлер мен ұсыныстар арқылы біз болашақ ұрпақты рухани мықты, ұлттық құндылықтарға адал етіп тәрбиелеуде әкелердің рөлін күшейту жұмыстарын жалғастырамыз деп сенемін.
Тоғжан Картаева,
№81 «Astana English School»
халықаралық мектебінің директоры