Астанада әрбір бесінші жолаушы жолақысын төлемейді


Астана қаласында қоғамдық көлікті пайдаланушылардың 20% жолақысын төлемейді. Бұл туралы City Transportation Systems ЖШС Көліктік бақылау департаментінің директоры Рашид Рахматулин айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Астана қаласы бойынша жұмыс күндері орта есеппен жолаушылар ағыны 950 мың адам. Қоғамдық көлік пайдаланушылардың шамамен 20% жол ақысын төлемейді», - дейді ол.
Қоғамдық көліктегі тәртіп пен төлем тәртібін қамтамасыз ету үшін бақылаушылар жүйесі жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта Астана қаласында қоғамдық көліктегі жолақы төлеуді қадағалау міндеті көліктік бақылау департаментімен қатар әр автобус паркінде жұмыс істейтін Желілік-бақылау қызметі жұмыскерлеріне де жүктелген. Шамамен желіге 300 тексеруші жұмыскерлері шығады. Олар маршрут бойында тұрақты түрде тексеру жүргізіп, жолаушылардың жолақысының төлемін бақылайды. Сондай-ақ жүргізушілердің бұзушылықтары мен қозғалыс кестесінің сақталуын да қадағалайды. Мұндай көпдеңгейлі бақылау жүйесі қоғамдық көліктегі тәртіп пен төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған, - дейді Рашид Рахматулин.
Жолақы төлемеу мәселесі елордада ғана емес, еліміздің өзге қалаларында да кездеседі. Дегенмен Астанада бұл проблема ауқымдырақ сипат алған.
«Салыстырмалы түрде, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша: Алматы қаласында 378 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Шымкент қаласында 107 ғана азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, Астана қаласында Полиция департаментінің қызметкерлерімен жыл басынан бастап 7 353 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл мәліметтер Астанадағы мәселенің ауқымды әрі жүйелі екенін және басқа ірі қалалармен салыстырғанда ерекше назар аударуды қажет ететінін байқатады, - дейді Рахматулин.
Жолақы төлемейтіндердің арасында ең көп кездесетін топтар – жастар мен зейнет жасындағы адамдар.
«Жолақысын төлемейтін жолаушылардың негізгі санаттары:
Жасөспірімдер мен жастар (16–25 жас аралығы): бұл топқа мектеп оқушылары, колледж студенттері мен жоғары оқу орындарының білім алушылары жатады. Кейбіреулері жол ақысын саналы түрде төлемейді, ал кейбірі өздеріне жеңілдік қарастырылған деп ойлап, білместікпен жолақы төлемейді.
Айта кетейік, ережеге сәйкес, елордадағы қоғамдық көлікте 18 жасқа дейінгі балалар тегін жүруге құқылы. Ол үшін олардың атына рәсімделген көлік картасы болуы және әр сапар кезінде оны валидациядан өткізуі қажет. Оқушылар валидация жасау ыңғайлы болсын деп, алдыңғы 2024 жылдың тамыз айынан бастап көлік картасынан бөлек «Мектеп виртуалды тарифымен» төлеу мүмкіндігі пайда болды. Тарифті рәсімдеу тегін, Орталық кассаға бармай «Transcard.kz» сайтында онлайн өтінім беріп, «Avtobys» қосымшасымен валидацияны автобустағы QR кодты сканерлеп жасауға болады.
Кейбір зейнеткерлер немесе жеңілдікке құқығы бар азаматтар – жеңілдігі барын негізге ала отырып, кейбірі жолақысын төлеу үшін көлік картасын пайдаланбайды және өздерін автоматты түрде тегін жүруге құқылы деп есептейді. Бұл да құқықбұзушылыққа жатады.
Қала қонақтары мен басқа өңір тұрғындары – қалада уақытша жүргендіктен немесе қоғамдық көлік жүйесінің ерекшеліктерімен таныс болмағандықтан, жол жүру ережелері мен төлем тәртібін толық білмей, абайсызда төлем жасамауы мүмкін.
Жолаушылар тексеруші салонға кіргенге дейін жолақыны төлемеу фактілері жиі кездеседі, - дейді Рахматулин.
Кәмелетке толмаған оқушылар тарапынан құқықбұзушылық тіркелсе, алдын алу шаралары жасалады.
«Мұндай жағдайларда профилактикалық (алдын алу) сипатындағы жұмыстар жүргізіледі, атап айтқанда: оқушыға немесе оны ертіп жүрген ересек адамға көлік картасын қай жерде және қалай рәсімдеу керек екені туралы ақпарат беріледі.
Бұл шаралар ҚР заңнамасына және Астана қаласының қоғамдық көлік жүйесіндегі жария шарттарға сәйкес, оқушыларды жауапкершілікке үйрету және заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру мақсатында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған жолаушылардың, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының жолақы төлемеу жағдайларын болдырмау мақсатында қыркүйек айында дәстүрлі түрде бірінші сынып оқушыларымен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Оқу орындарымен бірлесе отырып, көлік саласының мамандары оқушылармен кездесулер мен интерактивті сабақтар ұйымдастырады. Онда балаларға қарапайым әрі түсінікті тілмен мынадай мәселелер түсіндіріледі:
Көлік картасын дұрыс пайдалану тәртібі;
Әрбір сапарда жол жүру құжатын валидациялау не үшін маңызды екені;
Қоғамдық көлікте өзін қалай ұстау керектігі және жүру кезіндегі қауіпсіздік;
Қоғамдық көлікке міну және түсу кезіндегі қауіпсіздік, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау қауіпсіздігі;
Төлем жасау үшін қандай қосымшалар мен бағдарламаларды қолдануға болатыны;
Валидация жүйесі не үшін қажет және ол тасымалдау жүйесінде әділдік пен тәртіпті қамтамасыз етуге қалай ықпал ететіні туралы;
Бұл жұмыс оқу жылы барысында жалғасады: мектептер мен колледждерде қосымша түсіндіру шаралары өткізіліп, жадынамалар мен бейнероликтер таратылады.
Аталған іс-шаралар өскелең ұрпақтың жолақы төлеу мәдениетін және қоғамдық көлікпен жүру ережелеріне құрметпен қарауын қалыптастыруға бағытталған, - дейді департамент басшысы.
Жолақы төлемегендерге қандай шара қолданылады?
Жолақы төлемеген жағдайда жауапкершілікке тарту заңнама аясында жүргізіледі. Бұл ретте тек ескерту емес, айыппұл салынуы мүмкін.
«Жол ақысын төлемеу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық және азаматқа 5 АЕК (шамамен 17 000 теңгеге жуық) көлемінде айыппұл салуға негіз болады.
Жолаушы жолақысын төлемеген жағдайда тексеруші оның жеке басын анықтап, құжаттарын сұратады. Егер жолаушының жеке куәлігі немесе құжаттары болмаса, көліктік бақылау департаментінің қызметкері Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерін шақыруға құқылы. Полиция қызметкерлері сол жерде әкімшілік хаттама толтырады немесе жолаушыны полиция бөліміне жеткізеді.
Сонымен қатар жолаушы бұзушылықты мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, 50% жеңілдік қарастырылған. Бұл құқықбұзушылықты ерікті түрде өтеу мен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жүйе, - дейді Рашид Рахматулин.
Бақылаушылар жұмысы қоғамдық наразылыққа жиі себеп болып жатады. Алайда департамент олардың әрекеттері заң аясында жүргізілетінін айтады.
«Тексерушілердің әрекеті азаматтардың құқықтарына қайшы келмеуі тиіс. Олар арнайы киімде жүреді, төсбелгісі және қызметтік куәлігі болуы міндетті. Жолаушының жеке мәліметтерін тіркеу кезінде “Дербес деректер және оларды қорғау туралы” заңына сай ақпаратты құпия сақтау қағидасы қатаң сақталады.
Сонымен қатар қоғамдық көлікте бақылау жүргізу кезінде дау туындаған жағдайда жолаушы біздің департаменттің ресми байланыс арналарымен хабарласып, шағым қалдыра алады. Әрбір шағым міндетті түрде қаралады, қажет болған жағдайда бейнежазбалар зерттеліп, тиісті шаралар қабылданады. Біз үшін әр жолаушының құқығы маңызды және қоғаммен кері байланыс орнатуға басымдық беріледі, - дейді департамент басшысы.
Мәселені шешу жолдары қандай?
Астанада қоғамдық көлікте жолақы төлемеу мәселесімен күресу үшін түрлі заманауи шешімдер енгізіліп жатыр. Жаңа технологиялар мен түсіндіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
«Қоғамдық көлікте жолақы төлемеу мәселесін азайту үшін біз жоспарымыз бар:
QR және виртуалды тарифтер – дәстүрлі көлік картасынан бөлек, төлемнің балама түрлері енгізілді. Мысалы, QR арқылы «Avtobys» қосымшасымен төлем жасау немесе виртуалды тарифті пайдалану. Бұл, әсіресе, оқушылар мен жастар үшін ыңғайлы.
1. Ақылды валидаторлар мен бақылау камералары кейбір автобустарға жаңартылған валидаторлар орнатылды. Олар төлем жасалмаған жолаушыларды анықтай алады және бейнежазба арқылы тексеру мүмкіндігін береді.
2. Ақпараттық-түсіндіру науқандары – оқу орындарымен бірлесе отырып, оқушылар мен студенттерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы тұрғындарға қоғамдық көлікпен жүру ережелері жиі ескертіліп тұрады.
3. Көпдеңгейлі бақылау жүйесі – бұл жүйе тексерушілер санының артуын, олардың маршруттар бойынша тұрақты жұмыс істеуін және бұзушылықтарды тіркеуді көздейді. Әр автобус паркінің өз бақылау тобы бар, олар дербес және жүйелі түрде жұмыс жүргізеді.
4. Пилоттық жобалар – алдағы уақытта жолақыны камера арқылы тіркеу және автоматты түрде төлемсіз жүрген жолаушыларды анықтау бағытында жобалар іске қосылуы мүмкін.
Бұл шаралардың барлығы жолаушылардың қоғамдық көлікке деген жауапкершілігін арттыруға және тасымалдау қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған», - деп түйіндеді Рашид Рахматулин.
Аяна Қабылбекова



