Астанада Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті


Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында төрт мәселе қаралды. Жиынға кеңестің 31 мүшесінің 21-і, БАҚ өкілдері қатысып, 4 баяндамашыны тыңдаған соң, сұрақтарын қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алдымен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада 258 мың кәсіпкер бар, олардың саны былтырғыдан 10 пайыз артқан.
- ШОБ Астана қаласы экономикасының негізі болып табылады. Қала экономикасына қосатын үлесі 68 пайыздан асады. Жыл басынан бері 10 мың жаңа кәсіпорын ашылды. ШОБ 528 мыңнан астам еңбекке қабілетті елордалықтарды жұмыспен қамтып отыр. 2,3 трлн теңгенің өнімін өндіреді, - деді басқарма басшысы.
Отырыста қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың «Біртұтас тәрбие» және «Адал азамат» бағдарламаларын іске асыру жөніндегі есебі тыңдалды. Азаматтық қоғамның әлеуметтік саясат саласындағы мүдделерін білдіру жөніндегі комиссия елорданың білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының мазмұнындағы оң өзгерістерді, сондай-ақ оның оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға ауқымды әсер еткенін атап өтті.

Үшінші тақырып «Астана қаласының су объектілерінде су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 қазандағы №205-2263 қаулысына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов баяндады.
Соңғы мәселе – «Спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының құрамына кіретін Астана қаласының спортшыларына, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ Астана қаласында спорттың ойналатын түрлері бойынша ҚР құрама командаларының құрамдарында қатысатын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клубтық командалардың жетекшілерінің ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 18 наурыздағы №112-754 қаулысының күші жойылды деп тану туралы Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов айтып берді.
Барлық мәселелер бойынша ұсынымдар мен ескертулер айтылып, шешімдер бірауыздан қабылданды.
Райхан РАХМЕТОВА