Астанада қоғамдық көлікте жүру ережесі өзгерді
Астанадағы қоғамдық көліктерде жолаушыларды отырғызу мен түсіру тәртібі өзгерді, деп хабарлады Elorda.info.
Жолаушылар енді автобусқа тек жүргізуші жақтағы алдыңғы есіктен кіруі тиіс. Ал шығарда ортаңғы немесе соңғы есіктер пайдаланылады. Ортаңғы есіктен кіріп-шығу құқығы мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, мектеп жасына дейінгі баланы ерткен жолаушыларға ғана беріледі.
«Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қарашадағы №1061 қаулысына сәйкес, екі немесе одан да көп есігі бар автобустарда жолаушыларды түсіру алдыңғы есіктен басқа барлық есіктер арқылы, ал отырғызу тек алдыңғы есік арқылы жүргізілетінін естеріңізге саламыз, - делінген CTS компаниясының ақпаратында.
Айта кетейік, жол ақысы автобусқа кірген кезде төленеді.