00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Киелі мекен» атты экологиялық акция өтіп жатыр

18 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Киелі мекен» атты экологиялық акция өтіп жатыр
Фото: Василий Крась

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Киелі мекен» ұранымен тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыруға арналған. Қаланың көрікті нысандарын абаттандыруға тұрғындар, мәслихат депутаттары, оқушылар мен студенттер, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері және т.б. атсалысуда, деп хабарлады Elorda.info.

Осылайша, Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін тазарту және оның маңындағы қоқыстарды шығару үшін акцияға 100-ден астам адам шықты.

Қала жастарымен бірге Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін тазарттық. Әркім өзінің айналасын жинауы керек. Себебі, қоқыс тастамайтын жер қашанда таза болады. Экологиялық акциялардың бәріне атсалысып, жастарды экологиялық мәдениетке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу маңызды, - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм.

Айта кетерлік тағы бір жайт, акцияға Мәдениет басқармасына қарасты мекемелер немесе құрметіне ескерткіш орнатылған белгілі тұлғаның саласымен бағыттас мекемелер жұмылдырылып отыр. Соған сәйкес, Асқар Забикулиннің ескерткіші аумағына Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ұжымы мен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері тазалық жүргізді.

Осы бөлімде 12 жылдан бері қызмет етемін. Асқар марқұммен 5 жыл бірге қызметтес болдық. Ол – біз үшін нағыз батыр, ержүрек азамат. Өз ісіне адал қызметкер өзгелердің өмірін құтқару үшін өз өмірін тәрк етті. Әріптесіміздің жарқын бейнесі біздің мәңгі есімізде және оның ерлік ісін жас ұрпақ дәріптейтін болады, - деді №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Саят Аширов.

Елордада барлығы 100-ден астам ескерткіш бар. Оның 46-сы мемлекет қорғауында.

Ел бойынша үлкен экологиялық науқан басталды. Бүгінгі таңда тазалық онкүндігі аясында көшелер, жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық орындар мен ескерткіштер тазартылуда. Қалада 60-қа жуық ескерткіш бар, оларды да таза ұстау маңызды. Белсенді тұрғындар бас қосып, қаланы абаттандыруға атсалысты. Елорданың ғана емес, бүкіл еліміздің тазалығын қадағалау керек, - деді Астана әкімдігінің «Біріккен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Сергей Солодовников.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған.