Астанада «Киелі мекен» апталығы басталды
Астанада 13 сәуірден бастап «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы басталды. Осы апта «Киелі мекен» атауымен өтіп, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады, деп хабарлады Elorda.info.
Экологиялық акция шеңберінде Мәдени мұра нысандарының, ескерткіштердің және оларға іргелес аумақтардың қасбеттерін ретке келтіру бойынша тазалау жұмыстар жүргізілуде. Акцияны белсенді тұрғындар, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер, оқушылар мен студенттер, «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысының мүшелері, мәслихат депутаттары, Ауған соғысының ардагерлері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және басқалар қолдады.
Астанада 50-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіш пен 33 тарихи ғимарат бар. Экоакция аясында елордада тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимараттардың аумағын абаттандыру және тазарту бойынша 40-тан астам іс-шара жоспарланған.
Елімізде қалаларды абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған үлкен экологиялық акция ұйымдастырылды. Бүгінгі акцияға ауған ардагерлері шетте қалмауға шешім қабылдады және белсенді түрде қатысты. Елорда тұрғындары ретінде өз үлесімізді қосып, қаланы ретке келтіргіміз келеді, - деді ардагер Сәкен Нұрышев.
Елордада акция жалғасуда. Оған мәдениет мекемелерінің ұжымдары, оның ішінде театр және кино әртістері, эстрада өкілдері, медиа саласының тұлғалары қатысады. Олар Жазушылар аллеясын, Керей мен Жәнібек, Қаныш Сәтбаев, Асқар Забикулин ескерткіштерін және оларға іргелес аумақты ретке келтіреді. Тазалауға мұғалімдер мен оқушылар, мәслихат депутаттары мен белсенділер де қосылады.