Астанада үйсіз-күйсіз жүрген жандардың көбі кімдер?
Елордада тағдыр тауқыметін тартып, өмірдің сан қилы сынақтарында сүрінген тағдыр иелері қаладағы «Демеу» әлеуметтік қосу орталығында паналап жүр, деп хабарлады Elorda.info.
Орталық құжаттарын жоғалтып, үйсіз-күйсіз жүрген жандарды 2001 жылдан бері қабылдап келеді. Далада қалғандарға уақытша болса да пана болған мекеменің әлеуметтік бөлім басшысы Сәуле Әбсадықованың сөзінше, бүгінде орталықта 171 үйсіз күйсіз адам әлеуметтік көмек алады.
Пана іздеген адамдардың көбі өз еркімен өтініш жазып, орталыққа қабылданады. Олар қабылдап алған кезде жақын туыстары бар екенін жасырады. Жеке деректерін тексеріп, жақындары бар немесе жоқ екенін анықтаймыз. Кейін оларға хабарласып, мән-жайды түсіндіреміз. Бірақ туыстары алып кететін жағдай өте сирек болады. Былтыр 11 адам ғана өз отбасына оралды. Олардың 80 пайызы ішімдікке салынған адамдар. Орталыққа қабылданған адам 2 апта оқшаулауда болады. Өйткені ішімдік ішкен адам есін жинап алған соң қайтадан қалаға шықса, тағы өз әдетіне басады. Үйсіз-күйсіз жүрген адамдардың көбі басқа қалалардан елордаға жұмыс іздеп келгендер. Тұрақты жұмыс болмаған соң жалданып еңбек етіп, көп жағдайда соңында ішімдікке салынып кетеді. Егер олар өзінің тұрақты мекен-жайына қайтуды қаласа, онда біздің әлеуметтік қызметкерлер көмектесе алады,- дейді бөлім басшысы.