Астанада инклюзивті білім беруді дамыту жолдары талқыланды

14 маусым, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
Астанада инклюзивті білім беруді дамыту жолдары талқыланды
Фото: Аяна Қабылбекова

Бүгін елордада «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры мен қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қазақстандағы инклюзивті білім беру: қазіргі сын-қатерлер мен келешегі» атты семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.


Іс-шара «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында ұйымдастырылды. Семинарға мұғалімдер, білім беру саласының мамандары, ҮЕҰ өкілдері, ата-аналар мен инклюзияға бейжай қарамайтын қоғам белсенділері қатысты.


Инклюзивті қоғам - ортақ құндылық

Семинардың негізгі мақсаты - «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында әрбір баланың даму ерекшеліктері мен денсаулығына қарамастан, тең мүмкіндіктер жасау. Іс-шараның модераторы «Бақытты Шаңырақ» ҚҚ жетекшісі Ботагөз Сұлтанова болды.

Басты баяндаманы жасаған ULTYQ USTAZ online Academy директоры Ләззат Қажытайқызы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар барысын таныстырды.

«Біз “Қазақстан балалары” бағдарламасы аясында жобалық офис ретінде таңдалдық. Қазіргі уақытта бірқатар маңызды шараларды, оның ішінде фокус-топтар өткізіп жатырмыз. Жобаның басты мақсаты — әр бала мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінуі тиіс. Бұл білімге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қолдауға және құқықты қорғауға қолжетімділікті қамтиды. Сонымен қатар жаңа бағыт ретінде инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі енгізілді. Бұл – Қазақстанда бұрын болмаған ерекше бастама», – деді Ләззат Қажытайқызы.


Семинарда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытудың заманауи тәсілдері, мектептер мен балабақшаларда инклюзивті тәжірибені енгізу, педагог кадрларды даярлау мәселелері жан-жақты қаралды.


Тәжірибе алмасу алаңы

Панельдік пікірталасқа сарапшылар, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты. Олар инклюзияны енгізу жолындағы табысты тәжірибелер мен нақты қиындықтарды бөлісті. 


Бұдан кейінгі фокус-топ отырысында 18 жасқа дейінгі балалардың білім, медицина және әлеуметтену салаларындағы қолжетімділік мәселелері талқыланды.

«Осы семинарда өте өзекті мәселелер көтерілді, атап айтқанда инклюзия, медицина жағын қарастырды. Балалардың оқуындағы қиындықтарға назар аудартатын нақты шешімдер айтылды», - деді қатысушы Алия Атошова.

Автор: Аяна Қабылбекова