Астанада цифрлық трансформация қалай жүзеге асып жатыр

Бүгін, 11:57
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views70
Астанада цифрлық трансформация қалай жүзеге асып жатыр
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астанада Smart City стратегиялық жобасы іске асырылып жатыр. Оның негізгі элементі жасанды интеллектке негізделген қалалық Ахуалдық орталық болмақ. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ахуалдық орталық бейнебақылау, транспорт, ТКШ, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да 15-тен астам қалалық және республикалық жүйені біріктіреді. Бұл басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға және шұғыл қызметтердің әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Спикердің айтуынша, елордада бейнебақылау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізілуде.

Жыл соңына дейін қалада 20 мыңнан астам жаңа интеллектуалды бейнекамера орнатылады. Олар жасанды интеллектке негізделген 35-тен астам видеосараптама алгоритмімен жабдықталады. Оған бет-әлпетті және қимыл-қозғалысты тану, жол қозғалысын талдау және шұғыл қызметтерге автоматты хабарлау кіреді. Жобаны іске асыруды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Көлік саласына келсек, бүгінде елордада ЛРТ қозғалысын басқарудың ең жоғары автоматтандыру деңгейі – GoA-4 жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе пойыздарды машинистің қатысуынсыз толық автоматты түрде басқаруды көздейді.

Сонымен қатар көлік ағындарын модельдеуге және болжауға арналған машиналық оқытуға негізделген Aimsun жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның көмегімен кептелістердің алдын алу және жол қозғалысы сызбаларын цифрлық модель негізінде оңтайландыруға болады.

«Астанада электронды жолақы төлеу жүйесі (ЭЖТЖ) енгізілді. Ол 2 миллионнан астам көлік картасын және тәулігіне 650 мың сапарды қамтып отыр. Сонымен бірге оқушылар мен жеңілдік иелеріне 27 мыңнан астам виртуалды карта берілді. Қазіргі таңда жолаушыларды бейнеқұралдар арқылы санау, билетсіз жүргіншілерді талдау және көлік ІТ-инфрақұрылымын заманауи деректер орталығына біріктіру бойынша шешімдер енгізілуде», – деді басқарма басшысы.

Смарт-шешімдерді белсенді енгізу елорданың денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді жақсартуға да ықпал етіп отыр. Жыл соңына дейін жедел жәрдем автопаркіндегі 100 көлікке бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жазбалар 30 күнге дейін сақталады.

Сонымен бірге жедел жәрдем көліктерінің келуін нақты уақыт режимінде Яндекс.Карта арқылы бақылау жүйесі іске қосылды.

Бұл тұрғындарды жедел ақпараттандыруға және шұғыл қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі – PACS жүйесін енгізу. Бұл жасанды интеллектпен толықтырылған цифрлық радиология, ол 4 миллионнан астам зерттеуді бірыңғай архивте біріктіреді. Соның арқасында диагностика мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарады. AI-алгоритмдер ісікті 90%-дан жоғары дәлдікпен анықтайды. Дәрігерлер кез келген қалалық клиникадан видеоға лезде қол жеткізе алады», – деп толықтырды Берік Ахметов.

Сонымен қатар елордада «Әлеуметтік әмиян» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Ол әлеуметтік осал топтардың мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді алуын жеңілдетіп, жәрдемақылардың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.