Астанада цифрлық инфрақұрылым қалай дамып жатыр

1 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада цифрлық инфрақұрылым қалай дамып жатыр
Фото: freepik.com

Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық ведомствоның 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысының нәтижелері туралы айтты. Негізгі бағыттар – цифрлық инфрақұрылымды дамыту, қалалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді дамыту, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бірыңғай iKOMEK109 байланыс орталығы қала тұрғындары мен қалалық қызметтер арасындағы басты арна болып қала береді. 2025 жылдың алты айында орталық 1 миллионнан астам өтініш пен 220 мыңнан аса оқиғаны тіркеді. Проблемалардың 82%-дан астамы алғашқы өтініш барысында шешілген, бұл орталықтың тиімділігін көрсетеді.

QalaQyzmet қалалық қызметтер орталығы ТКШ және өзге де бағыттар бойынша 120-дан астам қызмет түрін ұсынып келеді. Жыл басынан бері 113 мың қызмет көрсетілді: 57 мыңы – онлайн, 56 мыңы – фронт-офистерде.

Ең жиі сұранысқа ие қызметтер қатарында – коммуналдық ұйымдармен келісімшарттар рәсімдеу, техникалық шарттарды алу және ЕРЦ бойынша кеңес беру бар.

«Қауіпсіз қала» бастамасы аясында Астанада Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктірілген 1 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Ерекше назар мектеп қауіпсіздігіне аударылуда: жыл басынан бері 565 камера қойылды. 2027 жылға дейін 100 мектепке 5 800 камера мен 300 SOS батырмасын орнату жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 100 жедел жәрдем көлігіне 400 бейнекамера орнату жобасы іске қосылды. Жазбаларды 30 күнге дейін сақтау мүмкіндігі бар, бұл шара медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Астана әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізуді толық цифрлық форматқа көшірген алғашқы өңір атанды. 2025 жылдың көктемінде бұл жүйе арқылы 2 500-ден астам азамат өтті.

Телекоммуникациялық даму аясында 16 тұрғын және 1 саяжай алабына талшықты-оптикалық интернет тартылып, 10 500-ден астам жеке үй тұрақты байланыспен қамтылды. 35 «ақ дақтың» 23-і тұрақты байланыспен қамтамасыз етілді, 4-еуінде базалық станциялар орнатылып жатыр, жыл соңына дейін тағы 8 станция қойылады. Қалада 5G форматы бойынша 300 базалық станция жұмыс істеп тұр.

Яндекс компаниясымен бірлесіп, жедел жәрдем бригадасының келуін Яндекс.Карталар арқылы бақылау қызметі енгізілді, - деді Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық.

Бірінші санаттағы шақыру кезінде науқасқа көліктің бағытын көрсететін сілтеме бар SMS хабарлама жолданады.

Күзде елордада Қазақстан мен ТМД елдерінің мектеп оқушыларына арналған STEM-олимпиадалары қайта өтеді.

Сонымен қатар қалалық стартаптарды қолдау бағдарламаларын іске қосу және мегаполис жағдайында цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу жоспарланып отыр.