Астанада балалардың қауіпсіздігіне арналған ауқымды форум өтті

29 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада балалардың қауіпсіздігіне арналған ауқымды форум өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігіне арналған ауқымды форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Форумды «Сарайшық» ауданының прокуратурасы мен әкімдігі Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараға педагогтер, ата-аналар, блогерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. 

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Алайда балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – тек бір ғана мемлекеттік органның міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз шынайы өзгеріс болуын қаласақ, балалармен бір тілде сөйлесіп, бір-бірімізді тыңдай білуіміз қажет», – деді «Сарайшық» ауданы прокурорының орынбасары Елжан Байдәулет.

Форум аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы Лола Шакимова, Joltap жобасының жетекшісі Дана Жүнісова, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, елорда филиалының басшысы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі, «Бала Толағай» қалалық федерациясының президенті Бекдайыр Күзембай, отбасылық психолог Марат Көшкінбаев, киберқауіпсіздік зерттеушісі Медет Төрин, сондай-ақ есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы сөз сөйледі.

Іс-шара барысында қатысушылар балалардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, құқықбұзушылықтың алдын алуға және оқу орындарында қауіпсіз, салауатты орта қалыптастыруға бағытталған нақты оқиғалар мен практикалық мысалдарды талқылады.