Астанада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры екінші оқу-оңалту орталығын ашты


Елордада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры ерекше балалар және олардың отбасына арналған оқу-оңалту орталығын ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, әкім кеңесшісі Қуаныш Молдабек, Әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия мүшелері Баян Тойкебаева, Наталья Семененко және т.б. қатысты.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов алғашқы құттықтау сөзді сөйлеп, орталықтың ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды.
«Ботагөз Серікбайқызы, үнемі осындай үлкен бастамалардың басы-қасында жүресіз. Алдағы уақытта да бастамаларыңыз биік-биік белестерден көріне берсін. Кезекті ғимаратты ашып, игі іске жол ашқаныңызды қала басшылығы қолдайды және осындай бастамаға жанашырлық танытады. Сіз әрдайым ерекше балаарды өз қамқорлығыңызға алып келесіз, осы ісіңізді алға қарай ілгерілете беріңіз деп тілеміз. Құтты болсын!» - деген тілегін айтты Н.Әлмұханов.
Бұдан соң қонақтар ғимраттың ішін аралап, қос бөлімнің жұмысымен танысты. Орталықта балаларға және ересектерге арналған екі бөлім бар. Бірінде көбіне оңалтуға көңіл бөлінсе, бірінде оқуға назар аударылады. Аталған орталыққа қор қанатының астындағы ерекше балалар ғана емес, олардың бауырлары мен ата-аналары да келіп, тегін ем алып, курсқа қатысып, пайдалы іспен шұғылдана алады.
Мұнда ойын және сауықтыру жаттығулары, массаж жасалады. Сондай-ақ музыка, сурет көрмелері және тігін бөлмесі мен арнайы асхана да бар.
«Мен ерекше баланың анасымын. Осында келіп, басқа ата-наларға тігін үйретемін. Өзімнің кәсібім бар. Ал мұндағы маталарды, қажетті ққралдарды өзіміз сатып аламыз. Адамдар бір-бірінен естіп, дайын бұйымдарымызды сатып та алады», - дейді ата-ана Алида Утарбаева.
Орталыққа шағын экскурсия жасалған соң келушілер орталық балалары мен ата-аналары дайындаған шағын концертті тамашалады.
«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, бұл қорға қарасты екінші орталық. Алғашқысы Р.Қошқарбаев даңғылы бойында орналаса, бұл жолы Ы.Дүкенұлы көшесінде ашылды.
Айта кетейік, қорға қарасты 1092 отбасы, 2876 бала және 1180 ерекше бала бар. Аталған орталық демалыссыз жұмыс істейді.



