Астанада бұқаралық спортпен айналысатын қандай жерлер бар


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», - деген еді. Осы орайда Elordainfo.kz сайты елордадағы спортпен айналысуға мүмкіндік беретін жерлерді айтуды жөн көрді.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі негізде айналысатындардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, кейінгі үш жылда (2021-2024) спортпен шұғылданатын азаматтардың саны 24 пайызға артып, 8,4 миллион адамға жеткен. Бұл – ел халқының 40 пайыздан астамы. Ал елордадағы бұл көрсеткіш 38,6 пайызды құрайды. Бұл санға бірінші кезекте халықтың спортпен айналысуға деген мүмкіндігінің болуы әсер етеді.

Ботаникалық бақ
Астана ботаникалық бағы - еліміздегі ең үлкен және ең жас саябақ. «Астана Арена» стадионына қарама-қарсы орналасқан бақтың құрылысы 2012 жылы басталып, 2018 жылдың 3 шілдесінде ресми түрде ашылды.
Елордадағы ең көрікті жер саналатын аумақта жүгіру мен велосипедке арналған арнайы жолақ бар. Отбасымен демалуға және спортпен шұғылдануға арналған сүйікті орындардың бірі. Саябақта ойын алаңы, спорт залы, теннис, волейбол, баскетбол алаңдары, субұрқақ бар. Бақта 100 мыңға жуық ағаш өседі. Саябақта екі жылыжай, ауданы 45 мың шаршы метр жасанды су қоймасы, жаяу жүргінші көпірі бар. Бақтың басты артықшылығы – қала көліктеріне еш кедергі жасамай, жолды жаппай, жүгіру жарыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Триатлон саябағы
2016 жылы 6 шілдеде ресми түрде ашылды. Аспан астындағы 45 гектар аумақта қала тұрғындары мен қонақтары жүгіріп, велосипед тебе алады. Парк жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 8 шақырымды құрайды. Келушілер велосипедті жалға да алуына мүмкіндік бар. Триатлон саябағының ішінде арнайы workout аумағы да қарастырылған. Оның ішінде жастар бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бокс, баскетбол және т.б. көптеген спорт түрлерімен тегін айналыса алады. 2023 жылы атақты Ironman жарысын (3,8 шақырым жүзу, 180 шақырым велосипед тебу, 42,2 шақырым жүгіру) қабылдап, 60 елден 1000-ға жуық спортшы қатысты.
«Жасыл белдеу» веложолы
«Жасыл белдеу» аумағындағы учаскелердің бірінде велосипед жолы салынған. Ұзындығы 18 шақырым қашықтықты құрайтын жолда тұрғындар велосипедпен жүре алады. Веложол екі жолақтан тұрады. Онда велосипедті жалға алуға да болады. Ауқымды жоба 1997 жылы тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған. Осы күнге дейін 10 млн-ға жуық ағаш егіліп, жергілікті халыққа өте қолайлы жағдай жасалды. Жаз мезгілінде тұрақты түрде бұқаралық велошеру ұйымдастырылады.
Орталық саябақ
Елорданың орталық саябағы қаланың мақтанышы саналады. 104 гектар аумақты алып жатыр. Онда бүкіл отбасы үшін көптеген ойын-сауықтар бар. Қыс мезгілінде тұрғындар шаңғымен айналысып, коньки тебуге мүмкіндік алса, жаз мезгілінде биатлон, жүгіру жарыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Aulafit жобасы
Aulafit жобасы алғаш рет ел астанасында 2020 жылы басталып, қаламыздың көпшілік ауласында жаз мезгілінде тегін спорт секцияларымен айналысуға мүмкіндік береді. 2025 жылы 30 аула қамтылып, маусым мен қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Назарларыңызға жоба бойынша аулалардың тізімін ұсынамыз.
Aulafit жобасы аясында өтетін жаттығулар кестесі:
09:00 - 10:00 – аға буын өкілдеріне арналған жаттығу
10:00 - 11:00 – ұлдар мен қыздарға арналған сабақ
17:00 - 18:00 – 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған жаттығу
18:00 - 19:00 – 11-15 жастағы балаларға арналған сабақ
19:00 - 20:00 – жастарға арналған жаттығу
Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жаттығу өтетін аулалар тізімі:
1. Бөгенбай батыр даңғылы, 54
2. Тілендиев даңғылы, 36
3. Бейбарыс Сұлтан көшесі, 11 – «Qazanat River» ТК
4. Қошқарбаев даңғылы, 45
5. Кенесары даңғылы, 64 – «Дарын» ТК
6. А. Байтұрсынұлы көшесі, 39 – «Сатурн» ТК
7. Боталы көшесі, 26 – «Еуропалық 1» ТК
8. Мәңгілік Ел даңғылы, 19 – «Айсанам» ТК
9. Момышұлы даңғылы, 12 – «Астана Меруерт» ТК
10. Түркістан көшесі, 10 – «Көркем 2» ТК
11. Әйтеке би көшесі, 15 – «Аркада» ТК
12. Күйші Дина көшесі, 31 – «Мирас» ТК
13. Сауран көшесі, 3/1 – «Сармат 1» ТК
14. Ш. Айтматов даңғылы, 36 – «Жағалау» ТК
15. Қабанбай батыр даңғылы, 59Б – «Будапешт» ТК
Сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жаттығу өтетін аулалар тізімі:
1. Ш. Уәлиханов көшесі, 25
2. С 303 көшесі, 2
3. Құдайбердіұлы даңғылы, 5
4. Б. Майлин көшесі, 31 – «Апато» ТК
5. Ш. Қалдаяқов көшесі, 23А – «Браво Фэмили» ТК
6. Р. Бағланова көшесі, 2 – «Сезім қала. Бақыт 1» ТК
7. С. Сейфуллин көшесі, 9 – «Жоңғар қақпасы» ТК
8. А. Пушкин көшесі, 15 – «Қытай қорғаны» ТК
9. Ш. Айтматов даңғылы, 60 – «Мадрид» ТК
10. Қабанбай батыр даңғылы, 40 – «Инфинити 1» ТК
11. Қошқарбаев даңғылы, 34 – «Түркістан» ТК
12. Қалдаяқов көшесі, 11 – «Гранд Астана» ТК
13. Ұлы Дала даңғылы, 31/1 – «Алпамыс» ТК
14. Әл-Фараби даңғылы, 34/4 – «Nova City» ТК
15. Сарайшық көшесі, 34 – «Дипломат» ТК



