00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада қайырымды істер марафоны әлі де жалғасып жатыр

Астанада қайырымды істер марафоны әлі де жалғасып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Игілікті іс-шара аясында Конституция күні мерекесі қарсаңында қаладағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік қораптары таратылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қалалық әкімдігі мен «Астана жастары» еріктілері «Petro Retail» компаниясының Qazaq oil брендімен бірлесіп өткізген бұл қайырымдылық іс-шарасында елорданың әр аудандарындағы аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 1000 қорап азық-түлік таратылды. Іс-шараға 100-ге жуық ерікті қатысты.

«Конституция күніне орай өткізіліп отырған бұл қайырымдылық іс-шарасы 3 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан іс-шара аясында қазірге дейін 7000-ға жуық азық-түлік себеттері таратылды. Бүгін де бас қаладағы аудандардың мұқтаж отбасыларына 1000 қорап азық-түлік жеткізілді. Оның ішінде ұн, күріш, сүт, ас майы сияқты азық-түліктер бар. Мұндай қайырымдылық іс-шаралары мемлекеттік және ұлттық мерекелерде ұдайы өткізіліп келеді», - деді Астана қаласы «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Олжас Хамитов.

Алматы ауданының тұрғыны Гүлзия Кашкова аталған іс-шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылығын білдірді.

«Мереке сайын көмектесіп, жағдайымыздан хабардар болып тұрады. Жаңа оқу маусымы басталатын кезде де балаларымызға оқу құралдарын, жеткізіп береді. Бұл да мен сияқты мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үлкен медеу. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ», - деді Гүлзия Кашкова.

Мұндай акция Астанада жыл соңына дейін ұйымдастырылады.