Астанада қала күніне орай жас өнертапқыштар байқауы өтіп жатыр

Астанада қала күніне орай жас өнертапқыштар байқауы өтіп жатыр
Фото: Сабина Кәкімжан

Елордадағы Триатлон саябағында қала күніне орай «Астана – болашақтың қаласы» жас өнертапқыштар байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгінгі іс-шара – жас ұрпақтың жаңашыл идеясын, өнертапқыштық қабілетін көрсетуге арналған бірегей алаң.

Іс-шараны елорданың «Алматы» ауданы әкімдігі ұйымдастырып отыр.

«Байқауға 5 бағыт бойынша барлығы 19 жоба, яғни 38 оқушы қатысып отыр. Олар: 1) Смарт құрылғылар (ақылды үй, тұрмыстық құрылғылар); 2) Робототехника және автоматтандыру; 3) Экологиялық инновациялар; 4) Мобильді қосымша немесе IT жүйесі; 5) Ұлттық нақыштағы заманауи жоба. Әр команда өз өнертабыстарын таныстырып, қазылар алқасына 3-4 минуттық презентация жасайды. Мәселен, Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектеп-лицейінің оқушылары «SMART YURT – заманауи киіз үй» жобасын, «Елордалық экоферма – таза өнім өндіру» жобасын, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушылары «Құлтемір Темірбек» – робот жобасын,  Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары «Сабын бүріккіш» – тұрмыста қолданылатын автоматтандырылған құрылғы» жобасын және т.б. ұсынып отыр. Жалпы ұсынылып отырған барлық жоба – өте қызықты», - деді «Алматы» ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаева.

Бес адамнан құралған қазылар алқасы жобаларды бағалау кезінде идеяның жаңалығын, қолдану аясын, жобаның қорғалуын, дизайны мен құрылымын, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік маңызын ерекше назарға алады.

Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушылары Нұрдәулет Асқар, Ақниет Айтжан «Құлтемір Темірбек» – робот жобасын жасады.

«Бұл роботтың аты – Темірбек. Ол ұстаздың жұмысын жеңілдету мақсатында жасалған. Сондай-ақ ол үй жағдайында тұрмыстық мәселелерді шешеді. Роботты телефон арқылы қашықтан басқаруға болады. Мұнда тіл маңызды емес. Себебі ол сізге кез келген тілде кері байланыс бере алады. Ол жасанды интеллект көмегімен сөйлейді. Роботты жасауға шамамен 4 ай кетті. Алдымен оның идеясын анықтадық, қаңқасын сыздық, бағдарламасын жаздық. Осылайша ол қазір біздің командамыздың бір мүшесіне айналды. Болашақта оны әрі қарай дамыту жоспарымызда бар», - деді жоба авторлары.

Байқау соңында жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.