Астанада алғаш рет баскетболдан Virtus әлем чемпионаты басталды

12 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада алғаш рет баскетболдан Virtus әлем чемпионаты басталды
Фото: ұйымдастырушылардан

Астана қаласындағы Триатлон паркінде зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған баскетболдан Virtus World Championship Astana 2025 турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл - баскетболдан Қазақстан тарихында алғаш рет өтіп жатқан және Азия құрлығында тұңғыш ұйымдастырылып отырған Virtus чемпионаты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Чемпионаттың мақсаты мен ауқымы

Virtus чемпионаты Астанада екі алаңда өтеді. Оның аясында:

  • 3х3 баскетбол жарыстары 12-15 маусым күндері Триатлон паркінде өтеді;
  • 5х5 баскетбол ойындары 17-21 маусым аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы  «Жекпе-Жек» спорт сарайында ұйымдастырылады.

Чемпионатқа 11 елден: Аустралия, Польша, Италия, Франция, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Испания, Израиль, Жапония және Қазақстаннан жеңіл интеллектуалдық бұзылыстары бар (II1 санаты) спортшылар қатысып отыр.

Ұйымдастырушылар мен қолдаушылар

Жарысты ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Ал басты ұйымдастырушылар - «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар тұлғалар спорты федерациясы» (IDSPORT), Қазақстан Республикасының Ұлттық баскетбол федерациясы (ҚР ҰБФ).

Жарыстар халықаралық Virtus федерациясының ресми мақұлдауымен өтіп жатыр. Virtus - 100-ден астам елдің 7 мыңнан астам спортшысын біріктіретін, Халықаралық Паралимпиадалық комитет мойындаған жетекші ұйым.

Ерекшелігі неде?

Тарихта тұңғыш рет баскетболдан Virtus чемпионаты Азияда өтіп жатыр. Бұл оқиға - инклюзивті спортты дамытудағы маңызды қадам ғана емес, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыратын ерекше белес.

«Астанада Virtus әлем чемпионаттарын өткізу – Қазақстанның спорт саласындағы теңдік, қолжетімділік және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін растайтын стратегиялық қадам. Бұл оқиға жүйелі өзгерістердің катализаторына айналып, мыңдаған адамның қоғам өміріне қатыстылығын және маңыздылығын сезінуіне жол ашады», – дейді IDSPORT федерациясының президенті Дина Темірғалиева.

Маңыздылығы қандай?

Чемпионат нәтижелері Халықаралық Паралимпиадалық комитет тарапынан Паралимпиада бағдарламасына осы спорт түрін қосу мәселесін қарауға ықпал етуі мүмкін. Яғни бұл жарыс - тек қана жеңіс үшін емес, болашақ инклюзивті Олимпиада спорттары үшін де маңызды кезең. Қазіргі таңда елімізде IDSPORT-тың 13 өңірде филиалдары бар. Федерация зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарды спорт арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеуді көздейді.

Аяна ҚАБЫЛБЕКОВА