00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада «Ақжауын» оркестрінің концерті өтеді

8 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Ақжауын» оркестрінің концерті өтеді
Фото: Секен Тұрысбектің жеке мұрағатынан

10 қарашада елордада күйші-композитор Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақжауын» камералық оркестрінің «Ұлы дала» атты концерті өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

 

Концертте Қазақстан Жастар одағы сыйлығының және Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты «Ақжауын» оркестрі, Мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан, Мәдениет саласының үздігі Жігер Бертісов, Мәдениет және өнер саласының үздігі Гүлнұр Сарғызова, Халықаралық, ресубликалық конкурстардың лауреаты Біржан Айтахмет, Айым Мұртазаева,  Гүлфайруз Жайлауқызы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Рақымжан Нұрлыхан  өнер көрсетеді, - деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек.  

 Елордалық өнерсүйер қауым Секен Тұрысбектің шығармаларынан бөлек  Құрманғазы, Мүкей, Тәттімбет, Жантөре, Төлеген Момбеков сынды қазақ композиторларының туындыларын тыңдайды.

«Ақжауын»  ұлттық ансамбілі 1997 жылы Алматы қаласында құрылды. Ұжым құрылған сәттен бастап Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия, Украина секілді елдерді гастрольдік сапарда болып, үлкен сахналарда өнер көрсетті. Аз ғана уақыт ішінде көптеген көрерменнің жылы ықыласына бөленді, - дейді өнер ұжынымының басшысы.

Ал 2000 жылы ансамбль  Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, 2002 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. Бір жылдан соң шығармашылық топқа Үкіметтің қаулысымен «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі атағы берілді. 

Бүгінгі таңда оркестрдің шығармашылық ұжымында  30-дан астам өнерпаз бар. Олар республикалық, халықаралық деңгейде түрлі өнер байқауына қатысып, қазақтың халық өнерін насихаттап жүр. 

 «Ақжауын» камералық оркестрінің репертуары да аса бай. Мұнда әр өңірдегі күйшілік дәстүрдің күйлері, классикалық шығармалар  қамтылған.

Мұнда «Ақжауын» оркестрі «Ұлы дала», «Ару ана», «Қосбасқан қоңыр», «Шалқыма», «Салтанат», «Ақ жауын»,  Бибігүл Қилымхан «Асыл ана», «Қоңыр қаз», Рақымжан Нұрлыхан «Бес төре», Гүлнұр Сарғызова «Чардаш», Жігер Бертісов домбырада «Жазғы қар», Біржан Айтахмет «Домбыра досым» туындыларын орындайды, - деді оркестрдің көркемдік жетекшісі. 

Сондай-ақ концертте Секен Тұрысбектің өзі  «Дарабоз», «Айқай заман», «Көкбөрі», «Көңіл толқыны», «Серпер» атты күйлерін келушілер назарына ұсынады.  

Айта кетейік, концерт 10 қараша күні сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық  филармония концерт залында болады.