Астанада «Аңсап келдім, атажұрт» кітабының тұсауы кесілді
Астанадағы балалар кітапханасында журналист, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Қалиакбар Үсемханұлының «Аңсап келдім, атажұрт» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Кеш тізгінін ұстаған «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков алғашқы сөзді «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбекке берді.
Бүгін – біздің «Астана ақшамында» үлкен мереке. Керемет кеш өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Қалекең кітабын «Аңсап келдім, атажұрт» деп атапты. Расында, біз, «Астана ақшамы» ұжымы Қалиакбар Үсемханұлының Отанның қадірін, туған жердің қадірін бізден артығырақ түсінетінін жақсы білеміз. Ол тек газетке мақала жазып, сұхбат құрып қана қоймайды, сонымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді. Соңынан қалың оқырман еріп жүретін шығармашыл жан болғаны үшін де мақтанамыз, - деген медиахолдинг директоры жазушыны жаңа туындысымен құттықтады.
Жазушы-журналистің жаңа кітабының тұсаукесеріне қаламгерлер, тарихшылар арнайы қонақ болды.
Кітаптың алғысөзін жазған тарихшы ғалым, жазушы Қойшығара Салғара, танымал түрколог, филолог Қаржаубай Сартқожа, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкен, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр Қ.Үсемханұлын жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтады.
Айта кетейік, бұл кітапқа қаламгер Қалиакбар Үсемханұлының соңғы жылдары жарық көрген мақалалары топтастырылған.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ