Астанада 40-тан астам студентті алдап соққан алаяқ ұсталды
Астанада 21 жастағы жігіт интернеттегі ойындарға бәс тігу үшін 40-тан астам студенттің ноутбугын сұрап алып, ломбардқа өткізіп жіберген. Бұл туралы Elorda.info қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Күдікті уақытша пайдаланамын деген желеумен достарынан ноутбук алуды әдетке айналдырған. Сөйтіп жігіт аптасына 20-30 мың теңге көлемінде жомарт сыйақымен жабдықты жалға алуды жалғастыра берген.
Бұл туралы қауесет студенттер арасында тез таралып, олар еш ойланбастан алаяққа қымбат құрал-жабдықтарын беріп отырған. Жас жігіт болса барлық ноутбуктарды ломбардтарға сатып, түскен ақшасын интернеттегі ойынға бәс тігуге қойып, ұтылып қалған, - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Алматы аудандық полиция бөлімі ломбардтардан ұрланған ноутбуктердің басым бөлігін тәркіледі.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.