Астанада 200 мыңға жуық оқушы жазғы лагермен қамтылды

Бүгін, 00:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада 200 мыңға жуық оқушы жазғы лагермен қамтылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада балалардың жазғы демалысын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үш айға созылатын жазғы маусымның екінші айы аяқталуға жақын. Осы уақыт аралығында елордада 200 мыңға жуық оқушы жазғы лагерьлермен қамтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Балалар демалысының сапасын арттыру мақсатында қала бойынша әртүрлі бағыттағы лагерьлер ұйымдастырылды. Олар:

• 92 мектеп жанындағы лагерь;

• 192 бейінді лагерь;

• 10 тақырыптық жоба аясындағы лагерь;

• 13 қосымша білім беру ұйымы базасындағы күндізгі лагерьлер.

Қазіргі таңда үшінші ауысым өз жұмысын бастады. Бұл кезеңде де балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілетін дамытуына, жаңа достар табуына және денсаулықтарын нығайтуына бағытталған танымдық, спорттық және мәдени шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда.

Биылғы жазғы маусымның айрықша жаңалығы – Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығының ашылуы. Орталық жаз бойы 1 400-ден астам бала қабылдап, олардың белсенді демалысына мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 4 мыңнан астам оқушы қала сыртындағы өзге де сауықтыру лагерьлерінде тынығып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, балаларға толыққанды демалыс жағдайлары жасалған.