«Астана – есірткісіз қала»: елордалық еріктілер есірткі граффити суреттерін бояды

«Астана – есірткісіз қала»: елордалық еріктілер есірткі граффити суреттерін бояды
Фото: Әмір Теміржан

Бүгін елордада «Астана – есірткісіз қала» атты нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша кешенді жоспар аясында кезекті акция ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Іс-шараға «Байқоңыр» ауданы әкімдігі аппараты, аудандық полиция басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қалалық прокуратура өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.


Акция барысында қатысушылар «Байқоңыр» ауданындағы есірткі заттарын жарнамалайтын граффитиді бояды.

«Бүгінгі акцияның басты мақсаты — қала аумағындағы есірткі жарнамасын азайту. Өкінішке қарай, көптеген жастар жеңіл табыс жолын іздеп, мұндай жарнамаларға еріп кетіп жатады. Осыған байланысты біз жыл сайын еріктілердің, аудандық әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы шаралар ұйымдастырып келеміз», - дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Амангелді.

Оның сөзінше, бұл акция жыл басынан бері он бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

«Акция жыл соңына дейін жалғасады. Мұндай жазбалар, әдетте, көпшіліктің көзіне бірден түсе бермейтін жерлерге жазылады, бірақ соған қарамастан, адамдар оларды байқап үлгереді. Бұл мәселе жергілікті әкімдіктің тұрақты бақылауында және еріктілер де атсалысып келеді», - дейді ол.