Астана адамдар үшін жайлы қалаға айналып келеді - урбанист-сәулетші

Астана адамдар үшін жайлы қалаға айналып келеді - урбанист-сәулетші
Фото: Сұлтан Сейітов

Астананың ажары ай сайын айшықталып келеді. Бұған сәулетшілердің ғана емес, урбанистердің де еңбегі бар. Өйткені алдыңғылары зеңгір ғимараттар мен тұрғын үй кешендерін жобаласа, соңғылары сол аумақта өмір сүруге қолайлығын арттыруға ден қояды. Бүгінде урбанистер абаттандыру, көгалдандыру және экологияны жақсарту бағытында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты Урбанистика орталығының урбанист-сәулетшісі Тұрсын Жиенбаева Elordainfo.kz тілшісіне осы туралы жан-жақты айтып берді.

- Тұрсын Жоналықызы, Урбанистика орталығы қолға алған ірі жобаларға тоқталып өтсеңіз. Әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясы, GreenLine саябағы туралы көпшілік кеңірек білгісі келеді.

- Жалпы, Урбанистика орталығы - қалалық орта сапасын арттыру және оны дамытумен айналысатын ұйым. Бүгінде Астана қаласында қаланы абаттандыру, көгалдандыру және экологияны жақсарту бағытында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Солардың ішіндегі бірегейі «Мыңжылдық» аллеясы мен GreenLine саябағы екені анық. Бұл жобаларда адамдарды бір ортада біріктіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты идеялық мақсаттар діттеледі. Қазір Астана қаласының Урбанистика орталығы британдық LDA компаниясымен бірлесіп «Мыңжылдық» аллеясы мен GreenLine саябағы бойынша мастер-жоспар дайындап жатыр. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең бойынша абаттандыру жұмыстары басталып та кетті.

Фото: «Мыңжылдық» аллеясы/Урбанистика орталығы

- «Мыңжылдық» аллеясы мен GreenLine саябағы үшін қаланың осы аумақтары неге таңдалды деп ойлайсыз? Жобаның елордалықтар үшін тиімділігі қандай?

- Полиорталық принципі бойынша қала тұрғыны үйінен шыққан бойда жасыл желекке оранған жермен жүруі керек. Сондықтан тұрғындардың тынығып демалатын орындарға баруы үшін ұзақ жүрмей-ақ, көшеге шыға салысымен серуендеуге ыңғайлы орта қалыптастыруды ескереміз. Аллеялар мен саябақтар қолжетімді жерде орналасуы тиіс. Ал «Мыңжылдық» аллеясын жобалап жатқан жерді көрсек, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанымен, аллеялар мен саябақтар жеткіліксіз. Сондықтан осы аумақтарда аталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Аумағы 942 гектар жерді қамтитын «Мыңжылдық» аллеясында балалар алаңы, демалу алаңы, жаяу жүргіншілер жолдары, веложолдар және мүмкіндігі шектеулі жандарға пандус, тактильді жолдар қарастырылған. Бұл жерлермен көлік жүрмейді, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерге арналып қана жол тасталады.

2 км-ге жуық қашықтықты қамтитын GreenLine саябағында да үйден-үйге дейін жалғасатын алаңдарды салуды жоспарлап отырмыз. Екі жоба да бірнеше кезеңнен тұрады, биыл бірінші кезеңі басталды. Көріп отырғанымыздай, жобалар әртүрлі болғанымен, мақсат-мүдде бірдей.

Фото: «Мыңжылдық» аллеясы/Урбанистика орталығы

- Қаланың ортасын жарып өтетін LRT астаналық өмірдің қарқынына жаңа серпін әкелетіні белгілі. Осы тұстарда да тұрғындар үшін жайлылық арта түсетін болар. Орталық бұдан басқа қандай жұмыстарды қолға алып жатқанын да қоса кетсеңіз.

- Биылғы жылы LRT жобасы аяқталайын деп жатқандықтан, оның аумағындағы Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ көшесі бойында жалпы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазір Сығанақ көшесі бойында көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, веложолдардың көп бөлігі салынып болды. Ал Қабанбай батыр даңғылы бойынша жұмыстар енді басталады.

Сонымен қатар былтыр «Бейбітшілік және келісім» паркін абаттандыруды бастаған болатынбыз. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Каскадты сарқырама іске қосылады. Ол жерде күмбез арасында «Өмір ағашы» орналасқан. Бұл әлемдегі тіршілікті білдіреді, адамдарды бейбіт өмір сүруге шақырады.

Биылғы жылы «Тұлпар» сауда үйінің алдына аллея салынып жатқанын да айта кетейік. Ал қалада сәбилерін балалар арбасына салып жүретін аналарға да жағдай жасау үшін көтеріңкі жаяу жүргінші жолдарын төсеу қолға алынып отыр.

Фото: GreenLine саябағы/Урбанистика орталығы

- Урбанистика абаттандырумен қоса көгалдандыруға да ден қоятыны белгілі. Былтырдан бастап қала көшелерінде бой түзеген сәмбі талдарды да орталық қолға алған жобалардың жемісі деп айта аламыз ба?

- Иә, былтырғы жылы «Мыңжылдық» аллеясы бойынша «Қазақ елі» монументі аумағы абаттандырылған болатын. Өйткені аталған аллея осы жерден бастау алып, жаңа теміржол вокзалына дейін жалғасатыны белгілі. Қалаға пилоттық режимде Eуропадан әкелінген талдардың көп бөлігі, яғни 560-қа жуығы «Қазақ елі» монументі аумағында отырғызылды. Ал жалпы былтырғы жылы елорда көшелеріне егілген ағаштар мен сәнді гүлді бұталардың саны 1 млн-ға жуық.

Еуропадан, негізінен, жөке ағаштары әкелінді. Өйткені бұл ағаштар жапырақты келеді, демек, көлеңкесі жақсы түседі. Діңгектері қалың болғандықтан, ағаштардың жерсініп кетуі оңай. Жалпы, Астананың ауа райы күрт құбылмалы болғандықтан, көп ағаш өсіп кетпейді. Ал жөке ағаштарының өсіп кетуіне 3 жылға дейін кепілдік берілген. Айтқандай-ақ бір жылдың ішіндегі нәтиже жаман емес, өлген ағаштар жоқ. Сондай-ақ бұған дейін біржылдық гүлдер егіліп келген болса, соңғы жылдарда толықтай көпжылдық сәнді гүлді бұталарға көштік. Бұл бір жағы, бюджетті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, екінші жағы, гүлдерді күтіп-баптауға кеткен жұмысты азайтуға септігін тигізеді. 

Көгалдандыру мәселесін айтқанда, жасыл желекті суару мәселесінен айналып кете алмаймыз. Мәселен, алдағы уақытта GreenID пилоттық жобасы  арқылы ағаштарға арналған цифрлық төлқұжат дайындамақпыз. Нәтижесінде әр ағашқа QR-код беріледі. Ал тұрғындар QR-код-ты сканерлеу арқылы ағаштың аты, отырғызылған жылы, қашан суарылғанына дейінгі барлық тарихын білетін болады. Сондай-ақ жобада жерге датчиктер орналастыру арқылы, топырақтың ылғалдылығы туралы элеткрондық хабар алу жағы қарастырылған. Ал қалада жасыл желекті автоматты түрде суару жүйесі қарастырылған.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша 1 адамға жасыл желекке оранған  50 шаршы метр жер шақталған. Бірақ Астанада бұл көрсеткіш 14 шаршы метр ғана. Қазір біз соны 19 шаршы метрге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Өйткені жасыл желек тұрғындарға желден, жаңбырдан кейінгі судан, күннен қорғануға көмектеседі.

Фото: GreenLine саябағы/Урбанистика орталығы

- Яғни урбанистика қаланың экологиясына да жағымды әсер етеді дейсіз ғой.

- Сөзсіз әсер етеді деп айтар едім. Мәселен, аққулар жүзіп, қоқиқаздар келетін Кіші Талдыкөл суы тартылып, жоқ болып кетудің аз-ақ алдында тұрғаны белгілі. Сондықтан оның экологиялық ахуалын қалпына келтіру үшін бірқатар жұмыстар жасалмақ. Кіші Талдыкөл экологиялық парк деп аталып, биыл абаттандырылу жұмыстары жүргізілмек. Жағасы көгалдандырылып, таспен көмкерілетін болады.

Сонымен қатар GreenLine саябағындағы «Жаңбырлы бақтар» деп аталатын табиғи түрде судың ауысуы жобасын ерекше атап кеткеніміз жөн болар. Яғни мұнда жаңбыр суын бір жерге жинау арқылы қаладағы жасыл желектерді суару процесі жүзеге асырылмақ.

Фото: GreenLine саябағы/Урбанистика орталығы

- Урбанистика орталығы қаланың өзіндік стилінің бірегейлігін сақтауға атсалыса ма?

- Әлбетте. Бізде бұл бағытта жарықтандыруды бірегейлендіру, визуалды шудан құтылу мақсатында жасақталған брендбук бар. Онда қаладағы жарықтандырудың нормалары жазылған. Ғимараттар болсын, жеке үйлер болсын, 2700 кельвиннен 3000 кельвинге дейін жылы түсте сақталуы керек. Бұл қалада жайлы атмосфераны қалыптастыруға көмектеседі. Қазір біз RGB түстен бас тартып, жылы түске толықтай көшпекпіз. Ал шағын сәулет нысандары бір түрде, классикалық үлгіде қойылады.

Сондай-ақ көше жарнамаларына келетін болсақ, онда да белгілі талап бар. Белгіленген фасад түсі, биіктігі, әр әріптің өлшемі бекітілген.

- Ал осы атқарылған және енді жүзеге асатын сан түрлі жұмыстар қандай нәтижеге әкеледі? Болашақта Астана қандай қалаға айналуы керек?

- 2022 жылы Урбанистика орталығы БҰҰ-мен бірлесе жұмыс атқарған болатын. Нәтижесінде барлық сала бойынша Астана қаласы табиғи апаттары жоқ тұрақты қала атанды. Осы атқарып жатқан және алдағы уақытта жасалатын жұмыстарымыздың негізгі идеясы да осында – қаланы адамдардың өмір сүруіне қолайлы ету үшін барлық жайлылықты жасау.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!