Қару-жарақты өз еркімен тапсырған астаналықтарға сыйақы беріледі
Астаналықтардың заңсыз сақталған және тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды полицияға тапсырып, сыйақы алу мүмкіндігі бар. Аталған шара 10 сәуірде басталып, бір айға созылады, деп хабарлады Elorda.info.
10 сәуірден бастап заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды қабылдау республикалық акциясы басталады. Сондай-ақ тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауаптан босатылады, – деді Астана қаласы Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен.
Сонымен қатар Полиция департаментінің өкілі қару-жарақты өз еркімен тапсырған жағдайда сыйақы берілетінін айтты.
Қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтарға оның түріне қарай 10-нан 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін сыйақы қарастырылған. Яғни қарудың түріне, санатына және сақталу жағдайына қарай 34 500 теңгеден 345 мың теңгеге дейін сыйақы тағайындау көзделген. Қару-жарақты қабылдау үш санатқа бөлінеді. Бірінші – техникалық жағдайы өте жақсы деңгейде сақталған қару, оған 100 пайыз көлемде сыйақы беріледі. Екінші санаттағы қару-жараққа 70 пайыз, ал үшінші санатқа жатса, 30 пайыз көлемде сыйақы тағайындалады. Ескеретін жайт, сыйақы қару-жарақтың негізгі бағасына негізделеді, ол үшін сала сарапшыларымен кеңесеміз, – деді полиция подполковнигі.
Оның айтуынша, криминалдық іске қатысы бар, ұрланған және ресми тіркелген қару-жарақ сатып алынбайды және оған сыйақы берілмейді.