«Aqyl Battle Cup»: Республикалық зияткерлік сайыс мәреге жақындады
Астанадағы әл- Фараби атындағы оқушылар сарайында өтіп жатқан зияткерлік сайыста еліміздің әр өңірінен келген 150-ге жуық қатысушы бақ сынап жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тіл тағдыры-ел тағдыры» жобасы аясында ұйымдастырылған. Еліміз бойынша 1 мамырда басталған сайыстың бірінші және екінші кезеңі онлайн форматта, яғни «Aqyl Battle» қосымша арқылы өтті. Тапқыр қатысушылар бүгінгі финалға жолдама алды.
«Тіл тағдыры-ел тағдыры» жобасының жетекшісі Бибінұр Шербаеваның сөзінше, зияткерлік сайыс жастар арасында қазақ тілін насихаттап, оны ғылым тіліне айналдыруға септігін тигізеді.
Өздеріңіз білетіндей, бірінші және екінші кезең мобильді қосымшада өтті. Бірінші кезеңде жоғары балл жинаған 2000 қатысушы анықталды. Ал екінші кезеңде олардың ішінен тағы да ең үздіктер іріктелді. Жалпы әр облыстан 180 адамды іріктеп алдық. Бүгінде 14-35 жастағы 150-ге жуық қатысушы келіп отыр. Әртүрлі себеппен келе алмай қалған ойыншылар да бар. Сайыс 7 кезеңнен тұрады. Біз қатысушылардан құрамында 3 адамнан тұратын командалар құрдық.. Бүгін жартылай финал quiz форматында өтеді. Алдағы уақытта да республика бойынша білімді және алғыр жастардың басын қосып, сайысымызды жалғастыратын боламыз,- дейді жоба жетекшісі.
Зияткерлік сайыстың жүлде қоры 2,6 млн теңгені құрайды. Ойын жеңімпаздары 1 миллион теңгені, ІІ орын иегерлері – 500 мың теңгені иеленбек. Мөлшері 300 мың теңгелік жүлдеге III орын алған команда ие болады. Ал ІV орын алған команда 200 мың теңгені еншілейді. Сонымен қатар ең креативті командаға 600 мың теңге берілмек.
Жеңіске үмітті жандардың бірі – Ақерке Кенжебек. Жамбыл облысынан келген 32 жастағы қатысушы «Aqyl Battle» ойыны өте қызықты екенін жеткізді.
Біз бүгін Дара командасы болып ойнаймыз. Бұл ойын туралы алғаш рет өзімнің сіңлім арқылы білдім. «Кім ақылды екенін анықтайық» деп екеуміз батлға түстік Осылайша қызығушылық пайда болды. «Aqyl Battle Cup» туралы естігенде қатысуды жөн көрдім. Әрине, қиын сұрақтар да кездеседі. Бірақ оған қарамастан жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз,- дейді қатысушы.
Айта кетейік, жоба 2025 жылдың соңына дейін жалғасады.