Елордада жедел жәрдем автокөлігінен ұялы телефон ұрланды
Полицейлердің ақпараты бойынша ұсталған адам 36 жастағы елорданың тұрғыны болып шықты, ол көшеде кетіп бара жатып, шақыртуға келген жедел жәрдем автокөлігін байқап қалған. Жүргізушінің көліктен шыққанын пайдаланып, күдікті автокөліктің панелінде жатқан құны 120 мың теңге тұратын Хуавей маркалы ұялы телефонды ұрлап алған және белгісіз бағытта жасырынған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Полицияға жеткізілген ер адам өз кінәсін мойындады. Осы факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоқ екені анықталуда. "Құрметті елорда қонақтары мен тұрғындары! Сіздерді сақ болуға шақырамыз. Жеке мүлік ұрлығы ең көп тараған қылмыстардың бірі болып табылады. Азаматтардың жеке мүліктерін сақтауға немқұрайлы қарауы осындай қылмыстардың жасалуына әкеп соқтырады. Бағалы заттарыңыз бен ақшаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар", - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.