Қалдырған ізің мәңгілік. Отыз жылдағы белес
Әмина Балтабайқызы – еңбек жолын 1988 жылы Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы Жаңақоныс орта мектебінде бастаған. 1993-1997 жылдары Қорғалжын ауданындағы Қарғалы негізгі мектебінде еңбек еткен. Ал 1997 жылдан бастап қазіргі мектепте табаны күректей 23 жыл қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде Әмина Балтабайқызының алдынан тарыдай боп мектеп табалдырығын аттаған талай оқушы таудай болып, өсіп-өнген. Қазіргі күні олардың алды түрлі салада жемісті еңбек етуде. Солардың бірі Гүлжібек Ахметова елордадағы университеттердің бірінде, ал Арай Балтабаева Нұр-Сұлтан қаласы №8 мектепте мұғалім болып қызмет етіп жүр. Ұлағатты ұстаздың еңбегі де елеусіз қалмаған. Білім басқармасының бірнеше Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қосқан ерен еңбегі үшін "Құрмет" медалі (2016 ж.) сияқты бірқатар марапатқа ие болған. Ұстаздық ұлы жолды өміріне серік еткен мәртебелі мамандық иесін төл мерекесімен құттықтаймыз.